ОПЕК+ ұйымына мүше елдер мұнай өндірісін шілденің соңына дейін қысқартпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған не себеп? Ал еліміз бұл шешімді қолдады ма? Қазақстан да ОПЕК+ұйымының шешімін қолдады. Естеріңізде болса, наурыз айында тараптар келісімге келе алмай баға құлдырап кеткен болатын. Бұл өз кезегінде әлемдік экономикаға кері әсерін тигізді. ОПЕК+ ұйымына мүше елдер шілденің аяғына дейін тәулігіне 9,7 млн баррель мұнай өндіреді. Оның ішінде Қазақстан өндірісті 390 мың баррельге қысқартып отыр.
Мамыр-маусым айларына жасалған келісімді тағы бір айға ұзарту шешіміне бұл жолы Мексика келіспеген. Ал, Нигерия, Ирак сынды квотаны асырған мемлекеттер өндірісті алдағы үш айда азайтуға міндетті. Қазір мұнай нарығы реттеліп келеді.
Соңғы үш айдан бері Brent маркалы қара алтын баррелі бірінші рет 42 долларға қымбаттады. Мамандар бағаның әлі де өсетінінен үмітті. Алайда, қордағы өнім бір млрд баррельден азаймаған.
Еліміздің Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ағымдағы келісімнің әлемдік мұнай индустриясына оң әсер еткенін атап өтті.
Министр «Қоймада тауар іркілуі болмады, ол өз кезегінде мұнайдың әлемдік бағасының өсуіне серпін берді», - деді.