Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/– 2 п.т. пайыздық дәлізбен жылдық 9,50% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы,
"Әлемдік экономикадағы ахуал тұрақтанды, ал жекелеген тауар және қаржы нарықтарында жандану байқалды. Мұнайды тұтыну Қытай экономикасының қалпына келу белгілері, кейбір Еуропа елдері мен АҚШ-тағы карантин шараларының жеңілдеуі аясында біртіндеп іске қосыла бастады. ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін қысқарту мәмілесінің өлшемдерін ұзарту туралы алдын ала уағдаластыққа қолжеткізді. Мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге төмендету 2020 жылғы шілденің соңына дейін жалғасады. Сонымен қоса, COVID-19 пандемиясы және инфекцияның таралуымен күрес бойынша шектеу шаралары әлемдік экономикаға теріс әсер етуін жалғастыруда.
2020 жылғы мамырда іскерліК белсенділік көрсеткіштері әлі де болса тарихи барынша төменге жуық деңгейде қалып отыр. Бұл ахуал Қазақстандағы экономикалық белсенділікке және инфляциялық процестерге теріс ықпал етеді", - делінген Ұлттық банктің ресми хабарламасында.
Сондай-ақ Ұлттың банктің мәліметінше, Сыртқы нарықтан бөлек, Қазақстандағы тұтынушылық бағаларға ішкі факторлар да қысым көрсетуде. Елеулі фискалдық және квазифискалдық қарқын айырбастау бағамының ішкібағаларға және әлсіз тұрақтанған инфляциялық күтулерге ауысуынан туындаған проинфляциялық қысымды күшейтеді. Сонымен қатар әлсіз тұтынушылық сұраныс инфляциялық процестерге тежегіш ықпал етеді.
Жылдық инфляция 2020-2021 жылдарға белгіленген нысаналы дәлізден 4-6% жоғары болып қалыптасады. 2020 жылғы мамырда жылдық инфляция 6,7% (2020 жылғы сәуірде 6,8%) болды. Инфляциялық процестер Қазақстанда және сауда әріптес елдерінде карантин шараларының ықпалымен, сондай-ақ теңге бағамының әлсіреуі және оны ішкі бағаларға көшіру арқылы қалыптасады.
Наурызда COVID-19 пандемиясымен күресу үшін елде төтенше жағдай мен карантин шараларын енгізу экономикалық белсенділіктің айтарлықтай нашарлауына себеп болды.
Мұнай нарығындағы ахуал біртіндеп жақсарып келеді, алайда баға деңгейі біршама төмен, ал байқалған серпін әлі де тұрақсыз. Brent маркалы мұнайдың орташа айлық бағасы 2020 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша бір айда 20,7%-ға өскенін көрсетіп, бір баррель үшін 32,4 АҚШ долларын құрады.
ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіруді 2020 жылғы шілденің соңына дейін жоғары қысқартуы нәтижесінде мұнай нарығы үшін қосымша оң серпін күтілуде. Соған қарамастан, кейбір елдердің ОПЕК+ келісімі тәртібінің бұзылуына, әлемдегі мұнай қорының жоғары көрсеткіштеріне және АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың ықтимал нашарлауына байланысты тәуекелдер сақталуда.
Сыртқы нарықтардағы негізгі үрдістерге қатысты белгісіздіктің төмендеуіне қарай және ахуал Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес дамыған кезінде ақша-кредит талаптарын жеңілдету мәселесін қарау жоққа шығарылмайды. Базалық мөлшерлеме бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылғы 20 шілдеде Нұр-Сұлтан қ. уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланатын болады.