Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «СК-Фармация» ЖШС-нің жұмысын сынға алып, Алик Шпекбаев басқаратын ведомстваға аталған ЖШС-ға тексеріс жүргізуді тапсырған болатын. Қазіргі тағда тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Еуразия бірінші арнасының анықтауынша, «СК-Фармация» ЖШС-нің қызметкерлері жоғары мөлшерде жалақы алғаны белгілі болды, деп хабарлайды oinet.kz.
Сонымен, аталған ЖШС-нің экс-басшысы Берік Шәріптің орнына Ерхат Ысқалиев келді. Әлеуметтік желідегілер компанияның жаңа басшысының өмірбаянын көріп, оның медицина саласына түк қатысы жоқ екенін айтуда. Сондай-ақ, оның танымал тележүргізушімен түскен суреттерін белсенді таратуда.
Былыққа толы компанияны Ерхат Ысқалиевтің қаншалықты басқара алатынын уақыт көрсетер. Әлеуметтік желіде «СК-Фармация» қызметкерлерінің жалақысы туралы ақпарат та тарауда.
Оған сенсек, 2018 жылы 129 адамның айлығына 1 миллиард теңге бөлінсе, өткен жылы 1,5 миллиард теңге жұмсалыпты. Бұл – шамамен 150-ге жуық қызметкердің әрқайсысына орташа есеппен 850 мың теңге жалақы төленді деген сөз. Дегенмен, компания өкілдері бұл мәліметті теріске шығарған да, растаған да жоқ.
Еске сала кетейік, 2017 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып тұрғанда «СК-Фармацияның» жұмысын сынға алып, мафияға теңеген болатын.