28.07.2020, 05:01

Коронавируспен күреске бюджеттен тағы 250 миллиард теңге бөлінетін болды

Індетпен күреске бөлінген 56,7 миллиард теңге қазір біткен.

Коронавируспен күреске тағы 250 миллиард теңге бөлінбек. Бюджетке алақан жайып отырған — Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры. Өйткені күзде тұмау, жедел респираторлық инфекциялық вирус өршіп, Covid-19 қайта күшке енуі мүмкін екен. Басшысы ауысқан қор енді ауруханада жатқан әр науқастың еміне 1 миллион 700 мың теңгеден бөліп, жазылып шыққандарды оңалту орталықтарына жібермекші.

Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Індетпен күреске бөлінген 56,7 миллиард теңге қазір біткен. Бүгін қомақты қаражатты қайда және қалай жұмсағанын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағылар тәлпіштеп айтып берді. Бір өкініштісі, бұл миллиардтар дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін, ауруханаларда орынның жоқтығын, тіпті, науқас санын азайтуға айтарлықтай үлес қоса алмаған. Ал бөлінген ақшаның 38 миллиард теңгесі тек ақ халаттыларға үстемақы ретінде берілсе, наурыздан бері стационарларда жатқандардың емі мен коронавирусты анықтайтын тестке 18 миллиардтан астам қаржы жұмсалыпты.

Болат Төкежанов, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы:

-Маусым айының соңына қарай тауар тасымалдау қызметіне , сондай-ақ қауіпті аймақта жұмыс істеген медициналық қызметкерлерге қор 44 миллиард теңгедей төледі. Бұл бөлінген қаржының 75 пайызы. Наурыз-маусым аралығында елдегі инфекциялық стационарларда 150 мың науқас коронавирус және пневмонияға ем алды. Наурыз айына қарағанда, маусымда бір күндік төсек-орындармен науқастардың қамтылуы 8 есеге, жұқпалы аурулар ауруханасында ол 23 есеге өсті.

Бес айда 60 миллиардтай теңгені тауысқанымен қоймай, сақтандыру қоры жыл соңына дейін тағы 250 миллиард теңгені игермекші. Бұрынғысынан 4 есе көп сома күзде өршитін тұмау, жедел респираторлық инфекциялық ауруларға, коронавирусты емдеуге жұмсалады-мыс. Дәл осы күзді күңгірт ететін ауруларды анықтайтын елордадағы лабораториялар қазір қосымша құрал-жабдық сатып алып жатыр.

Әлия Рүстемова, Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-ПТР зерттеулердің санын көбейту үшін жұмыс жасалуда. Біз қазір күздегі түрлі аурулардың асқынатын кезеңіне дайындалып жатырмыз. Сол себепті «науқастар қатары артуы мүмкін» деген күдікпен елордадағы лабораториялар қосымша құрал-жабдықтар сатып алуда.

Енді елімізде коронавирус жұқтырған науқастың ем-домы бекітілген тарифпен жүзеге асырылмақ. Егер науқас жеңіл деңгейде ауырса, оның емі 292 600 теңге болады, орташа деңгейдегіге 446 100 теңге, ауыр жағдайда болса, 1,5 млн. теңге, халі нашарлардың еміне 1,7 млн. теңге төленеді. Мұндай қыруар қаражаттың ішіне барлық ем шаралары кіреді. Тіпті дәрі-дәрмек те. Бірақ ауруға шалдыққандар ауруханада жатып препараттарды өзі сатып алуда. Бұл мәселеге қатысты қор басшылығы брифингте алдымен тұтығып, ұзақ ойланғаннан соң ғана тілшілерге жауап берді.

Азамат Өміртаев, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының атқарушы директоры:

-Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры науқасты бір күндік төсек-орынмен қамту, оның дәрі-дәрмегі мен тағы да көрсетілген медициналық қызметтерге кеткен шығынды өтейді. Қолданыстағы заңға сәйкес, азаматтардың қалтасынан шығарылған ақшаны қор қайтаруға міндетті емес.

Дүйім жұрттың алдына шығуға қордың жаңа басшысы Болат Төкежанов екі аптадан астам уақыт бойы дайындалды. Ол «әйеліне 12-ші көлігін сыйлады» деп басы дауға қалып, жұмыстан босатылған Айбатыр Жұмағұловтың орнына келген еді. Айтып өтейік, бүгінле жемқорлықпен күрес агенттігі қордың бұрынғы басшылығына ақша жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізуде. Жаңа басшы жаңашылдыққа құмар. Келе салып, қордың пиарға бөлінген ақшасын, қызметкерлерді қысқартып, 1 миллиард теңгені үнемдемек. Сонымен қоса коронавируспен ауырғандарды оңалтуды қор өз мойнына алатын болды. Аурудың салдарына қарай санитарлық-курорттық ұйымдарға жіберу мәселесі де қаралады.