Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елдегі 835 кәсіпорында 2,6 миллиард теңгеден астам берешек барын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Нұрымбетов Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалық етуімен бейнеконференция режимінде өткен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында мәлімдеді. Еңбек инспекторлары қабылдаған шара нәтижесінде, 24,5 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалып, оларға 2,55 миллиард теңге төленген.
«Ең көп берешек Алматы, Қостанай және Түркістан облыстарына тиесілі. Берешекке жол берген кәсіпорын басшыларына 492 нұсқама шығарылып, 68,5 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынды. 6 кәсіпорын басшысына қатысты жалақыны бірнеше рет кешіктіргені үшін қылмыстық іс қозғалды», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Сонымен қатар, министр Еңбек кодексіне жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы жаңа нұсқа енгізілгенін, бұл құжаттың күшінде екенін айтты. Оның айтуынша, аталған құжат жалақы берешегін төлеу тиімділігін арттыруға көмектеседі.