$ 495.2  522.34  4.94

«Зейнетақы жинағын алу бастамасы популизм емес» - Олжас Құдайбергенов

«Халықтың 93%-ының зейнетақы қорындағы жинағы «жеткілікті шек» мөлшеріне жетпейді. Бұл – еліміздегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесіндегі кемшіліктің көрінісі. Алайда, оны мамандар мойындап отырған жоқ», – деді экономист.
фото: kursiv.kz
фото: kursiv.kz

«Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың пікірінше, салымшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін мерзімінен бұрын алатын болса, инфляция шарықтап, алыпсатарлық асқынады.

«Бұл – бір реттік шара. Ол салымшылардың 6%-ын ғана қамтиды. Зейнетақы қорындағы жинағын алу мүмкіндігі берілетін адамдар дәл осы қаржыға мұқтаж емес. Ал тұрмысы төмен отбасылар қордағы жинаққа қол жеткізе алмайды. Бұл бастама инфляцияның қысымын күшейтеді, алыпсатарлыққа жағдай жасайды. Зейнетақы қорынан алынатын жинаққа салық салуға келетін болсақ, бұл – әділ шешім. Себебі, оған қатысты нақты ереже бар. Жалпы, зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін мерзімінен бұрын алу – популистік шара. Зейнетақы жинақталуы тиіс. Жинақ үй алуға емес, аннуитетке бағытталуы керек», - деді ол.

Оның ойынша, идея авторлары халықтың шынайы жағдайын ескермеген. «Бұл бастама мемлекет үшін тиімсіз және экономиканың дамуына кері әсер етеді», – деді басқарма төрағасы. Ал экономист Олжас Құдайбергенов Үміт Шаяхметованың пікірімен келіспейді. Маманның мәлімдеуінше, бензинді арзандату, қызмет көрсету түрлерін тегін қылу, кредитті кешіру сияқты бастамалар – шын мәнісінде популизм. Себебіғ ұсынысты жүзеге асырудың нақты механизмі жоқ. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін мерзімінен бұрын алудың жөні бөлек.

«Зейнетақы жинағын алу бастамасы популизм емес. Себебі, бұл жерде тегін ешнәрсе жоқ. Керісінше, азаматтарға дамыған елдердегі секілді зейнетақы қорындағы жинағын үй алуға немесе емделуге беру ұсынылып отыр. Әлемде азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшасын қажеттілігіне қарай пайдалану қалыпты жағдай ретінде қабылданады. Мұны жоққа шығару дұрыс емес. Ерекше атап көрсетерлігі, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі тұрмысы төмен азаматтарға емес, орта тап өкілдеріне беріліп отыр. Бұған дейін үнемі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға ғана жағдай жасалып келді. Ал жұмыс істеп, салық төлеп отырған орта тап өкілдері назардан тыс қала берді», – деді Олжас Құдайбергенов.

Оның айтуынша, елімізде орта тап өкілдері аз.

«Ресми мәлімет бойынша, салымшылардың 7%-ы ғана зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алатыны белгілі болып отыр. Менің есебімше, мұндай мүмкіндік салымшылардың 7%-ында емес, 6%-ында ғана бар. Халықтың 93%-ының зейнетақы қорындағы жинағы «жеткілікті шек» мөлшеріне жетпейді. Бұл – еліміздегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесіндегі кемшіліктің көрінісі. Алайда, оны мамандар мойындап отырған жоқ», – деді экономист.

Олжас Құдайбергеннің айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін мерзімінен бұрын алу алыпсатарлық пен инфляцияға негіз болмайды.

«Қордан алынған ақшаның шамамен 60-70%-ы несие өтеуге жұмсалады. Бұл шараның алыпсатарлық пен инфляция туғызуы мүмкін емес. Несиенің басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлестірілген. Яғни қарыз кері қайтады. Ақшаның қалған 30-40%-ы тұрғын үй сатып алуға жұмсалуы мүмкін. Бұл – шамамен 420-680 млрд теңге. Дәл осы қаражат тұрғын үйге деген сұраныстың қайта артуына ықпал етеді», – деді Олжас Құдайбергенов.

Абылай БЕЙБАРЫС

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары