Әлемдегі ең дәулетті адамдардың бірі, қытайлық Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы миллиардер Джек Ма Қазақстан басшыларына елде шағын кәсіпкерлікті дамытуға кеңес берді. Бұл туралы ол бүгін Астана экономикалық форумы барысында айтты деп жазады Tengrinews.kz.
"Мен Қазақстан туралы көп мәлімет білемін деп айта алмаймын. Бірақ, сіздерде мұнай өнеркәсібінің жақсы дамығанынан хабардармын. Сіздерде ірі мұнай компаниялары көп. Менің Қазақстанға берер кеңесім - сіздер шағын кәсіпкерлікті дамытыңыздар. Ұсақ компаниялар көп болуы керек. Егер қызмет көрсету саласын, экономиканы дамытамын десеңіздер сіздер шағын компанияларды көбейтіңіздер. Шағын компания көп болу үшін елде кәсіпкерлер көп болуы керек. Жастарға қолдау көрсетіңіздер, оларды оқытыңыздар. Сіздердің барлық компанияларыңыз 20 жыл бұрын мықты еді. Ал, келесі 20 жылда олар табысты болуы тиіс", - деп атап өтті Джек Ма.
Миллиардердің айтуынша, орта тап кез-келген елдің экономикасын қарқынды дамыта алады.
"Біреуге жүгінбей, өздеріңіз бір дүние жасап көріңіздер, ол сіздердің мемлекет үшін пайдалы. Мынау әлем - проблема. Бізде өте бай адамдар бар. Бірақ, кедей адамдардың саны өте көп. Сонда біздің орта тап қайда? Сауда, шағын кәсіпкерлік - бұл осы орта таптағы миллиондаған адамның қолынан келетін іс. Егер орта тап мықты болса, мемлекеттің экономикасы, әлеуметтік секторы мықты болады. Қазақстанның бұл тұрғыда мүмкіндігі зор. Сіздерде ірі және ұсақ компаниялар бар. Оларды біріктіруге болады. Шағын компанияларда болашақ бар. Нарықта ертең ірі компания болмайды, тек мықтылары ғана қалады. Шағын дегеніңіз - сол мықты және тұрақты дегенді білдіреді" деп атап өтті Alibaba Group компаниясының төрағасы.
Джек Ма - Қытайдағы ең бай адамдар көшін бастайды. Әлемдік тізімде ол 18-ші орында. Джек Маның дәулеті 32,7 млрд долларды құрайды.