$ 498.34  519.72  4.85

«Тұлпар-Тальго» вагондары кеңейтілген үлгіде шығатын болды (ФОТО)

Жасыратыны жоқ, бұған дейін елімізде құрастырылатын «Тұлпар-Тальго» вагондарына жолаушылар тарапынан бірқатар сын айтылып келді. Тұрғындар әсіресе, аталған вагондардың тар екенін айтып шағымданатын. Осынау шағымдарды ескерген компания басшылары енді вагондарды жаңа үлгіде құрастырып жатыр. Іші айтарлықтай кең және жаңа қондырғылармен жабдықталған отандық вагондардың жай-күйін бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі көріп қайтты.

Биыл жаңа үлгідегі 149 вагон пайдалануға беріледі. Олар алдымен Астана-Алматы және Алматы-Шымкент бағытында қатынамақ. Жаңа вагонның ескісінен айырмашылығы көп. Көзге көрініп тұрған негізгі ерекшелігі – көлемінде. Атап айтқанда, ені 25 сантиметрге, биіктігі 22,4 сантиметрге ұзарған. Сонымен қатар, жататын орынның ұзындығы 7 сантиметрге артыпты.

Мүгедек жандарға арналған купелер мен дәретханалардың да көлемі айтарлықтай артып, заманауи үлгіде жабдықталып отыр. Ал, қысқа бағытта қатынайтын жолаушылар үшін отыратын орындар қарастырылған. Олардың бағасы да тиісінше арзан болады дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның басшылары.

Қазақстанда жасалған вагондардың сапасы әлемдік стандарттарға сай болуы үшін өнім Еуропаның бірнеше қаласында сынақтан өткен. Атап айтқанда, -50 градус суықта немесе аптап ыстықта «Тальго» вагондары сыр бермеуі тиіс. Бүгінде бұл сынақтар сәтті аяқталып, жаңа пойыз құрамы жолға шығуға дайын.

Вагондардың көлемі өзгерсе де билет бағасы бұрынғыдай. Жеңілдіктер де сол күйі сақталып отыр. Мәселен, билетті ерте сатып алған жолаушы негізгі құннан 35% аз төлейді. Сондай-ақ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ әлеуметтік топтарға жататын азаматтарға дисконтты карталар қарастырылған. Мәселен:

- «Ардагер» - соғыс ардагерлеріне 99% жеңілдік;
- «Ардагер+» - соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 50% жеңілдік;
- «Қамқор» - мүмкіндігі шектеулі азаматтарға (1, 2 топ мүгедектері) 50% жеңілдік;
- «Ардақты ана» - «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлеріне 30% жеңілдік;
- «Құрмет» - 60 жастан асқан азаматарға 30% жеңілдік;
- «Жастар» - 16 мен 25 жас аралығындағы жастарға 30% жеңілдік;
- «Саяхатшы» - соңғы 12 ай көлемінде 100-150 мың теңге аралығында билет сатып алған тұрақты клиенттерге 15-20 пайыздық жеңілдіктер.

Жаңа вагондарды көріп, зауыт жұмысымен танысқан Мемлекет басшысы отандық өнімге көңілі толатынын жеткізді.

«Дәл қазір танысып шыққан «Тұлпар-Тальго» зауыты. Өздеріңіз білесіздер, біздің Қазақстанда пойыздар сағатына қырық, ұзаса алпыс шақырым жылдамдықпен жүретін. Ал «Тұлпар-Тальгоның» жаңа пойызы сағатына жүз алпыс шақырым жылдамдықпен жүреді. Вагондардың іші кең, жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Осылайша, жолаушылардың жолға кететін уақытын екі есеге азайттық. Бұл экономикаға өте пайдалы», - деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары