$ 494.87  520.65  4.91

«Зейнетақы жинағын пайдалану пәтер бағасын 20% өсіреді» – сарапшы

Сарапшының айтуынша, азаматтар әліптің артын бағады. Өйткені, ешкім қымбат бағаға пәтер алғысы келмейді.
фото: abai.kz
фото: abai.kz

Жақында елімізде тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесі бекітіліп, 23 қаңтардан бастап уәкілетті операторлар өтінім қабылдауды бастады. Әдетте, Қазақстанда тұрғын үйге қатысты бағдарлама қабылдағанда, керісінше баспана бағасы аспандап кететін үрдіс бар. UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық бұл жолы да баспана бағасы өсетінін айтты, деп хабарлайды Аzattyq-ruhy.kz.

«Баға қазірдің өзінде өсіп кетті. Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында шарықтап тұр. Бірден айту керек, бұл - құрылыс компанияларының әрекеті. Пайда табу жөніндегі ұйғарымы болса керек. Көп жарнамадан байқағаным, құрылыс компаниялары «зейнетақы қорындағы ақша келгенше тездетіп пәтер алып қалыңыздар» деп жазып жатыр. Олар пәтер алуға өте үлкен сұраныс болады деп ойлайды. Менің ойымша, пәтер бағасы ары кеткенде 20 пайызға дейін өсуі мүмкін. Жазға қарай баға бұрынғы, тұрақты қалыпқа түседі», - деді Мақсат Халық.

Сарапшының айтуынша, азаматтар әліптің артын бағады. Өйткені, ешкім қымбат бағаға пәтер алғысы келмейді.

«Осылайша, құрылыс компанияларының күтіп отырған жоспары орындалмай қалады деп ойлаймын. Жалпы, 2020 жылдың күзінен бастап қазірге дейінгі бағаны сараптайтын болсақ, өсім шамамен 15 пайызды құрап отыр. Бірақ, оның басқа да факторлары бар. Ол мемлекеттік бағдарламалармен де байланысты. Мәселен, былтыр тамызда «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша Алматы қаласында мың адам пәтер алу құқығына ие болды. Ал, түрлі хабарландыруларда 300-ге жуық үй сатылып жатты. Сұраныс көбейді, баға бірден өсті. Жаздың ортасында құны 9-10 млн теңге болған пәтерлердің бағасы қазір 15-17 млн теңгеге сатылып жатыр. Тіпті, 20 млн теңге сұрап отырғандар да бар», - деді сарапшы.

Белгілі әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов зейнетақы қорында мол жиғаны бар кісілер бұған дейін де бірнеше пәтер алып қойғанын айтты.

«Екі айдан кейін көрейік. Пәтер бағасы қалпына келеді. Жалпы, айтарлықтай өсім болмайды. Сауда-саттықта түрлі желеумен бағаны өсіру фактілері жиі кездеседі. Шын мәнінде, құрылыс компаниялары күткендей бағада өсім болмайды. Қазір баға өсіп жатқанымен келісемін. Алайда, зейнетақы жинағындағы ақшасын алуға қол жеткізген адамдар аз және олар алатын ақша өте аз. Ол пәтердің толық бағасына жететіндей сома емес. Ал зейнетақы жинағында көп ақшасы бар кісілер бұған дейін де бірнеше пәтер алып қойған. Сондықтан баға өсіру механизмі іске аспайды», - деді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат етілген соң тұрғын үй бағасын ұстап тұру туралы Үкіметке тапсырма берді. Екі аптадан соң Үкімет тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар пакетін әзірлейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары