Зейнетақы жинағынан үміт күткен азаматтар көп. Алғашқы 5 күнде 52 мыңнан астам қазақстандық қордағы қаржысын алуға ниет білдірген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінде 70 процентінің өтініші мақұлданды. Шамамен 212 млрд теңге таяу арада азаматтардың арнайы шотына түседі. Кеше алғашқы 8 мың салымшыға қаржы аударылды. Зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат берілгелі біраз адамның ұйқысы қашты. Алғашқы 3 сағаттың өзінде 4 мыңнан астам өтініш түскен. Қазір ниеттілер саны 52 мыңнан асқан. Әр өтінішті мұқият зерделеген мамандар тұрғындардың қаржыны қай мақсатқа жұмсайтынын да айтты. Азаматтардың дені қордағы қаражатын ипотекалық қарызын жабуға пайдаланбақ. Бұл – шамамен 41 процент. Баспана құнын бірден төлеп, үйлі болуды жоспарлағандар да жетерлік. Ал несиені қайта қаржыландыру мен жер үй құрылысы, арендалық баспананы меншіктеп алуға ниет білдіргендер аз. Өтініші өтпей қалғандар да бар.
Жанат Құрманов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы: \
– Өтінішті толтырарда ең жиі кездесетін қателік – рұқсат етілген мөлшерден көп соманы көрсету. Бұдан бөлек, өтініштің 13 проценті қайталанады. Яғни салымшы алғашқы өтінімнің мәртебесін күтпестен бірнеше рет жіберген. Зейнетақы қорында жинағы жоқ азаматтар да өтінім білдірген. «Отбасы банк» өкілдері өтініштің қабылданбағаны туралы хабарлама келмесе, қайталап жіберудің қажеті жоқ дейді. Әйтпесе, қаржыға қол жеткізу уақыты ұзап кетеді. Алдағы уақытта порталда өтініш мәтінін өзгерту мүмкіндігі пайда болады. Яғни ақшаны қай мақсатқа алып жатқаныңызды қайтадан жаза аласыз. Ел ішіндегі абыр-сабырды байқаған мүлік сатушылары да үй бағасын аспандатып жіберген. Мамандардың сөзінше, жағдай тек көктем шыға түзеледі.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы Банк» АҚ басқарма төрайымы:
– Егер 45 күннің ішінде сатып алғыңыз келген үйді тауып үлгермесеңіз де уайымдаудың қажеті жоқ. Талапқа сәйкес, қаражат зейнетақы қорындағы шотыңызға түседі. Оны алу үшін өтінішті қайта жазасыз. Қаржыны уақытында пайдаланбағаныңыз үшін ешқандай айыппұл салынбайды. Баспананы нарықтан еліміздің кез келген өңірінен алуға рұқсат. Алайда үлескер ретінде үйлі болуды қаласаңыз, тұрғын үй қорының кепілдігі барына көз жеткізіңіз. Елордада әзірге 20 нысанға аталған құжат берілген. Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе – қордағы ақшаны үй жөндеу жұмыстарына жұмсау болды.
Жансұлтан Матай, «Отбасы Банк» АҚ орталық филиалының директоры:
– Тек жөндеу жұмыстарына несие берілмейді. Бір банктің займ аясында әрленбеген пәтерді сатып алып, соған жөндеу жұмыстарының ақшасын қосып алуға болады. Сатып алған пәтеріңіздің құны сатушыға аударылады, жөндеуге алған ақшаңыз ағымдағы есепшотыңызда қалады. Құрылыс материалдарын өзіңіз сатып аласыз. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан адамдармен сол қаражат есебінен есептесіз. Мақұлданған өтініштердің көбі Алматы тұрғындарына тиесілі. Маңғыстау мен ел астанасында да белсенділік байқалады. Айтпақшы, несие тарихының нашар болуы зейнетақы қорындағы ақшаны алуға кедергі емес. Жауаптылар осылай деп сендірді.