$ 498.34  519.72  4.85

Ордабасыда жұмыссыздық мәселесі оң шешімін табуда

Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыздардың саны біршама азайған. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалар аясында екі қолға бір күрек тапқандар көп. Атап айтар болсақ, Ордабасы ауданында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасымен тұрақты жұмысқа тұрған азаматтардың саны артуда. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының 3 бағыты бойынша биыл Ордабасы ауданының ветеринарлық қызметіне 30 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.

Бағдарлама аясында 2012 -2013 жылдары кәсіби даярлауға Шымкент аграрлық колледжіне жолданған азаматтар бүгінде дипломын алып, ауданға оралды. 15 азамат санитар – ветеринар, фельдшер – ветеринар мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасты.

Жалпы аудан бойынша жыл басынан «Жұмыспен қамту 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға 1076 адам өтініш білдіріп, барлығы бағдарлама құрамына тартылды.

Жаңа және бос жұмыс орындарына 544 адам жолданды. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша 220 жұмыс орны ашылса, босаған 324 жұмыс орнына азаматтар жолданып, барлығы тұрақты жұмысқа орналасты.

Айта кетейік, Жұмыспен қамту 2020 - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мемлекеттік бағдарлама. Бағдарламаның мақсаты - жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру.

Мемлекет басшысы өзінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесудің белсенді бағдарламаларына тарту міндеттерін жүктеген болатын. Соның аясында аталған бағдарлама құрылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары