$ 498.34  519.72  4.85

Шардаралық диқандар гектарынан 250 центнерден өнім жинауда

Шардаралық шаруалар биыл бау-бақшадан мол өнім алып отыр. Аудан бойынша осы маусымда 59 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы өнімдері егілсе, соның 11 мың гектарға жуығы бау-бақша дақылдары болып табылады. Диқандар болса өздерінің мол өнімін ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайтынын мақтанышпен айтып отыр.

Әсіресе, күннің көзі жылынысымен егістік алқапқа шығып кеткен диқандар қауымы қауын-қарбыз секілді ерте пісетін өнімдерін пұлдап үлгерді.

Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңға дейін шардаралық шаруалардың 3338 гектар егіс алқабынан 83450 тонна қауын-қарбыз сатылымға шығарылған. Оның ішінде, өзіміздің нарықтан бөлек, 50 000 тоннасы Ресей мемлекетіне экспортталса, қалғаны өзіміздің солтүстік облыстарға жөнелтіліпті. Сондай-ақ, Астанада тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай апта сайын өткізілетін азық-түлік жәрмеңкесінде де оңтүстікқазақстандық диқандардың бақша дақылдары арзан бағада сатылып жатыр.

Мамандардың есебі бойынша гектарынан орташа 250 центнерден өнім алған аудан диқандарының көңілдері тоқ деп айтуға болады. Бау-бақша өнімдерінің басым бөлігі енді пісіп жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш күн сайын арта түсетіні белгілі.

Естеріңізге салайық, маусым айында шардаралық диқандар қауын-қарбызды шегіртке жеп жатыр деп дабыл қаққан болатын. Келтірілген шығын дап аз емес. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары қосымша қаражат бөліп, аталған проблеманы шешуге қол ұшын созған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары