$ 447.4  477.55  4.76

Созақта ауыл шаруашылығы мақсатындағы бағдарламалар толықтай орындалды

Созақ ауданында үшжақты келісімде көрсетілгендей, ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары толықтай орындалды. Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әубәкір Сахиұлы жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында хабарлады.

Мәселен, ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1500 бас мүйізді ірі қара малын асылдандыру көзделсе, жыл басынан бері жеті айда асылдандырылған ірі қара басы 1538-ге жетіп, меже 102 пайызға орындалып отыр. Сол сияқты, «Алтын асық» бағдарламасының тапсырмасы бойынша 2000 басқа жеткізу жоспары, 230 басқа артық шығып, 111% орындалды. Ал, мемлекеттік «Құлан» бағдарламасы 300 бас болып бекітілсе, қазіргі таңда пайыздық меже 101% құрап отыр.

Бір жылға межеленген жоспарды жеті айда орындап үлгерген Теріскейдің ауыл шаруашылығы мамандары жұмыстар мұнымен тоқтамайды дейді. Мал басын асылдандырамен деп ниет еткен шаруалармен жұмыстар одан әрі жүргізіле бермек.

Айта кетейік, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы 2011 жылғы Елбасының жолдауын жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын. Бағдарлама аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ сол жылдан бастап еліміз бойынша агроөнеркәсіп нысандарына етті бағыттағы жас малдарды өсіру үшін ірі қара (аналық мал) мен тұқымдық бұқаларды сатып алуға несие бере бастаған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары