$ 494.87  520.65  4.91

Қытай шекарашылары Қазақстанның жүк вагондарын өткізбей жатыр

Тауарын өткізе алмаған экспортерлер жүздеген миллион доллар шығынға батып, қайсыбірі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қытай қарашадан бері Қазақстаннан барған дәнді дақыл, түсті металл, тыңайтқыш, құрылыс материалдары мен басқа да тауар тиелген мыңдаған жабық жүк вагонын қабылдамай қойды. Тауарын өткізе алмаған экспортерлер жүздеген миллион доллар шығынға батып, қайсыбірі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған, деп жазады Азаттық. 

Қытайдың жүкті өткізбеуінің ресми себебі – шекара аумағында карантин ережесінің күшеюі. Қытайдың жүкті қабылдамауының қандай да бір саяси астары бар ма?

"ҚАП БЕТІНДЕ 2-3 АЙ ӨМІР СҮРЕТІН" ВИРУС

"Северное зерно" компаниялар тобының құрылтайшысы Евгений Карабанов қараша айында Қытайға теміржолмен 17 вагон зығыр дәнін жіберген. 2012 жылдан бері Қытайдағы компаниялармен жұмыс істеп жүрген экспорттаушы бұған дейін тауарды шекарадан еш кедергісіз өткізетін. Бірақ осы жолы құны 670 мың доллар тұратын жүк қабылданбай, зығыр толы вагондар бес айдан бері жолда қаңтарылып тоқтап қалды.

 Қытай бас кеден басқармасы мен ауыл шаруашылығы министрлігі қол қойған хаттамадағы талаптарға сай, жүкті қаптарға салдық. Бірақ Қытай карантин ережесін күшейтіп, "вагондардан қап түсіретін адамдардың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін, қап бетінде вирус 2-3 ай өткен соң да өмір сүре береді" деп жүкті қабылдамады, – дейді Евгений Карабанов.

Азаттық бұл мәселе бойынша Қазақстан экспортерлерінің жүгін теміржол арқылы Қытайға тасымалдайтын "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына" (ҚТЖ) ресми сауал жолдады. Компания Азаттыққа берген жауабында "Қытай тарабы 2020 жылдың 16 қарашасынан бастап жабық вагондағы, қапқа салынған жүкті қабылдамайтынын" жеткізді. 2020 жылдың 6 желтоқсанында ҚТЖ-ға хат жолдаған "Қытай темір жолдары" мемлекеттік корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Лу Дунфу қарашаның ортасынан бастап вагондардың қабылданбау себебін Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы жергілікті үкіметінің "індеттің алдын алу және бақылауды күшейту" шарасымен түсіндірген.

КЕРІ ҚАЙТҚАН ТАУАР, ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛҒАН ЖҰРТ

"Қазақстан темір жолына" қарасты "ҚТЖ – Жүк тасымалы" жауапкершілігі шектеулі серіктестік 1 сәуірден бастап Қытай қабылдамаған вагондарды бастапқы жөнелту стансаларына кері қайтара бастады. Жүгін өткізе алмай, табыстан қағылған Евгений Карабанов енді вагондарды өз есебінен элеваторға қайтаруға мәжбүр. Оның айтуынша, тауарды Қытайға жеткізіп, кері қайтарудың шығыны әр тоннаға 55-60 доллар шамасында. Экспортер бәрінен де бес айдан бері ауа кірмейтін жабық вагонда тұрған тауар сапасына алаңдайды. Өйткені зығыр бүлінсе, кәсіпкер үлкен шығынға батады.

– Төрт айдан бері әрі-сәрі күйдеміз. Ақшаның бәрі айналымдағы тауарға салынды. Қағаз жүзінде ақша бар болғанымен, іс жүзінде жоқ. Несие бойынша міндеттемеміз тағы бар. Кері қайтатын тауар бүлінбеді деп үміттенеміз. Тауар дұрыс күйде болса, оны қайта сатуға болады, – дейді Евгений Карабанов.

Карабанов бюрократиялық кедергілер кесірінен жүкті қайтаруда біраз әуре-сарсаңға түскенін айтады. Жүкті қайтару үшін кеден декларациясының күшін жою керек болды, кедендегілер сұратқан құжаттар бүкіл Қазақстан аумағында тұрып қалған вагондар ішінде болған. "Қазақстан темір жолы" вагондардың қайда тұрғаны жайлы анықтама берген соң, декларацияның күші жойылып, вагондар кері қайтарыла бастады.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚЫСЫМНЫҢ БҰҒАН НЕ ҚАТЫСЫ БАР?

Қазақстаннан жөнелтілген жүктің бетінде вирус болуы мүмкін деген Қытайдың уәжіне экспорттаушылар күмәнмен қарайды. Қазақстан астық одағы атқару комитетінің жетекшісі Шоқан Бадыхан Қытай тауарды кіргізбеу үшін бұл себепті әдейі ойлап тапты деп есептейді.

– Тіпті зығыр салынған қаптың бетінде қалған вирус бірнеше күн өмір сүрер, бірақ жарты жыл тұрмайтыны түсінікті ғой. Бәлкім, Қытай осылайша Қазақстанға бұл сабақ болсын дегісі келген шығар, – дейді Шоқан Бадыхан.

Қытай Қазақстанның жабық жүк вагондарын қабылдауды тоқтатқан шақ Шыңжаңдағы қысымнан қашып келдік деген Қытай қазақтары Қайша Ақан мен Бағашар Мәлікұлына босқын мәртебесін берумен тұспа-тұс келеді. Қазан айының аяғында Қазақстан Қайша Ақан мен Бағашар Мәлікұлына, ал 16 қазанда Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлына босқын мәртебесін берген.

Канададағы Азияны зерттеу жөніндегі Йорк орталығының ғылыми қызметкері, Еуразиядағы жүк тасымалын зерттеуші, халықаралық қатынастар маманы Никола Контесси Қытайдың мұндай әрекетке баруына Қытай қазақтарына босқын мәртебесінің берілуі себеп болуы мүмкін дейді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары