$ 498.34  519.72  4.85

Созақта жаңа балабақша ашылды

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында қос мереке – Конституция күні мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында су жаңа балабақша ашылды. Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Абай елдімекенінде салынған ғимарат 50 орынға шақталған. Нысан жеке кәсіпкердің есебінен бой көтерген деп хабарлады Созақ аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Айшолпан» деген атау алған жаңа балабақшаның ашылу рәсіміне аудан әкімі Мақсат Исаев, депутаттар мен ауыл тұрғындары қатысты. Нысанның салтанатты ашылу сәтінде аудан әкімі сөз сөйлеп, жергілікті тұрғындарды қос мерекемен құттықтады.

«Ауданда «Балапан» бағдарламасының орындалу барысы жоғары деңгейде Бұл биылдыққа аудан көлемінде ашылып отырған бесінші балабақша. Таяуда тағы да 280 орындық балабақша ашатын боламыз» - деп мәлімдеген Мақсат Исаев халықтың әлеуметтік проблемалары да көп ұзамай шешілетінін айтты.

Бұрынғы ескі мектепті балабақшаға лайықтап, қайта күрделі жөндеуден өткізген нысан қожайыны балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамтығаннан бөлек, жергілікті 8 адамға жұмыс беріп отыр.

Айта кету керек, жаңа оқу жылында аталған Абай елді мекенінде 150 орындық білім ошағы пайдалануға берілмек. Бүгінде ондағы 88 шаңырақта 576 азамат тұрады. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан.

Естеріңізге салайық, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысында 25 мектеп пайдалануға берілді. Бұл бастама ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары