$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да жаңа оқу жылында 25 мектеп пайдалануға берілді

1 қыркүйек – Білім күнінде Оңтүстік Қазақстан облысында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жаңадан ашылған білім ошақтарының екеуі мектебі жоқ елдімекендерден бой көтерсе, жеті білім нысаны үш ауысымды мектептерді жою үшін салынған. Ал, одан бөлек тағы алты ғимарат ыңғайластырылған мектептердің орнын алмастырса, тоғыз білім ошағы апатты жағдайдағы нысандарды жою үшін, ал бір мектептің іргетасы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қаланған.

Атап айтқанда, білім ошақтарының басым бөлігі Мақтарал мен Қазығұрттан бой көтерген. Аталған аудандарда алты мектептен 12 нысан оқушылар үшін есігін айқара ашып отыр. Сайрам мен Шымкентте үш білім ошағынан алты мектеп пайдалануға берілсе, Сарыағашта – екі, Арыста – екі, Түлкібаста – бір, Созақта – бір және Шардарада бір білім мекемесі жұмысын бастады.

Жалпы жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстанда 67 білім нысанының құрылысы жүргізілсе, бүгінге дейін соның 34 мектебі мен төрт балабақшасы ел игілігіне беріліп, пайдаланылуда. Жыл соңына дейін тағы бірқатар білім ошақтары елге қызмет етуді бастайды деп күтілуде. Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметінше, жалпы 67 нысан пайдалануға тапсырылғанда өңіріміздегі 26 145 оқушы жаңа оқу ғимаратымен қамтылатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары