$ 498.34  519.72  4.85

Сарыағашта «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3 жаңа мектеп ашылды

Бүгін Сарыағаш ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен 1 қыркүйек білім күні мерекесіне орай, 300 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді. Білім нысандарының салтанатты ашылу рәсіміне облыс əкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды қатысып, оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған білім ұяларының бірі Дастан ауылынан ашылған №136 орта мектеп болса, екіншісі Атамекен елді мекенінен бой көтерген №64 мектебі. «Ұлттық қор» есебінен қаржы бөлініп жаңа оқу жылына тапсырылған білім мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Балалар санының өсіп, сынып тапшылығын жою мақсатында салынған мектептер өз мерзімінде ел игілігіне беріліп отыр. Ал, Қабланбек ауылдық округі, Жонарық елді мекенінен ашылған жаңа мектеп облыстық бюджеттің қаржысы есебінен салынған. Бұған дейін ауыл балалары көрші ауылға қатынап, білім алып келген.

Жалпы Сарыағаш ауданында 144 оқу ордасы болса, онда биыл 80 мың 600 бала білім алады.

Айта кетейік, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында «25 жылға – 25 мектеп» деген жаңа бастама аясында 25 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан ашылған білім ошақтарының екеуі мектебі жоқ елдімекендерден бой көтерсе, жеті білім нысаны үш ауысымды мектептерді жою үшін салынған. Ал, одан бөлек тағы алты ғимарат ыңғайластырылған мектептердің орнын алмастырса, тоғыз білім ошағы апатты жағдайдағы нысандарды жою үшін, ал бір мектептің іргетасы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қаланған.

Атап айтқанда, білім ошақтарының басым бөлігі Мақтарал мен Қазығұрттан бой көтерген. Аталған аудандарда алты мектептен 12 нысан оқушылар үшін есігін айқара ашып отыр. Сайрам мен Шымкентте үш білім ошағынан алты мектеп пайдалануға берілсе, Сарыағашта – екі, Арыста – екі, Түлкібаста – бір, Созақта – бір және Шардарада бір білім мекемесі жұмысын бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары