$ 498.34  519.72  4.85

Қазығұртта апатты және ыңғайластырылған мектептердің орнын 6 жаңа білім ошағы алмастырды

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесіне және білім күніне орай жаңа алты мектеп пайдалануға берілді. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Атап айтқанда, ауданның Қақпақ ауылынан 300 орындық бір мектеп, Көкібел, Қызылдихан, Жұмысшы және Еңбекші ауылдарынан 200 орындық бес мектеп пен Тесіктөбе елді мекенінен 150 балаға шақталған бір білім ошағы оқушылар үшін есігін айқара ашты. Төрт апатты, екі ыңғайластырылған білім ордаларының жойылуын мақсат еткен бұл құрылыстарға Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 2,5 млрд. теңге қаржы жұмсалды.

Соның бірі – Қақпақ ауылдық округінен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған 300 орындық Қақпақ жалпы орта мектебі. Бұл мектепке Ұлттық қордан 540 млн. теңге қаржы бөлініп, мердігер мекеме 7 айдың ішінде құрылысты сапалы аяқтап шықты.

Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев барша тұрғындарды мерекемен құттықтап, ауыл халқының қуанышымен бөлісті. Салтанатты жиын кезінде С.Тұяқбаев ауданда ашылып жатқан білім ошақтарының ұжымына облыс әкімінің сыйын тарту етті.

Жаңа мектептер заман талабына сай мультимедиалық, лингофонды кабинеттермен жабдықталған. Сондай-ақ, физика, химия, биология кабинеттері арнайы талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілсе, қосымша спорт зал мен асхана жайлары да бар.

Айта кеткен жөн, биылғы жаңа оқу жылында аудан бойынша 27 мыңнан астам оқушы білім алатын болса, соның биыл 2970-і 1-сыныпқа барды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары