Өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бойынша берілген Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай алғаш рет Павлодар облысында Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл жайында ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңке болашақта өңірлер арасында тиімді серіктестік орнатуға ықпалын тигізбек. Жәрмеңкеге облыстың 15-тен астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
Оңтүстікқазақстандық дихандар көкөніс, бау-бақша мен жеміс жидек өнімдерін жәрмеңкеде нарықтағы бағадан 20-25 пайыз төмен бағада павлодарлық тұрғындарға саудалады. Диханшылардың айтуынша, қойылған барлық ауыл шаруашылығы өнімдері санаулы сағаттарда сатылған. Бұл ең алдымен, ұсынылатын өнімнің сапасы мен тиімді бағасына байланысты.
Аталған жәрмеңке Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқын азық-түлікпен, соның ішінде, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуде негізгі орталық екенін тағы да дәлелдеді.
Айта кетейік, дәл осындай жәрмеңке жуырда ғана Астанада өткізілген болатын. Оған ОҚО тауар өндірушілері әдеттегідей, ет-сүт өнімдерін, бау-бақша өнімдері мен көкөністер, сондай-ақ, алғаш рет Шымкентте тоқылған кілемдер, дәнді дақылдар алып кеп, елордалық тұрғындар назарына ұсынды. Сатылған тауарлардың бағасы жергілікті нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен болғанын да айта кетейік.