$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте «Қазақ еліне мың алғыс!» атты монумент бой көтеруде

Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары әрі облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов Шымкент қаласында құрылысы жүріп жатқан «Қазақ еліне мың алғыс!» монументімен танысты. Атулы нысан ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында тұрғындарға сыйға тартылады деп күтілуде.

Биіктігі жеті жарым метр болатын монумент өңірдегі этномәдени бірлестік төрағаларының бастамасымен қолға алынған болатын. Оңтүстіктегі жүзден астам этнос өкілдері атынан тұрғызылып жатқан нысанның құрылыс барысы туралы облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Бочорошвили жан-жақты айтып берді.

Қазақ жерін мекендейтін түрлі этностардың қазақ еліне деген ыстық ықыласы мен шынайы алғысының көрінісі ретінде бағаланған монументті алдағы айда аяқтау жоспарлануда. 

«Қазақ еліне мың алғыс!» монументі еліміздегі барлық этностарға ортақ Отанымызды қос алақанымен көкке көтеріп тұрғандай күн бейнесін сипаттайтын шаңырақтан, іргеміздің берік болуын көрсететін керегеден және болашаққа басқан әрбір қадамымыздың нық болуын әлпеттейтін таға іспеттес жарты шеңберден жасалған. Жарты шеңберге «Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныстанған барлық этностар атынан ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ МЫҢ АЛҒЫС!» деген жазулар бар.

Естеріңізге салайық, ҚХА-ның 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда «Алғыс айту» күнін енгізу туралы ұсыныс айтқан болатын. Артынша Елбасы жарлығымен 1 наурыз – алғыс айту күні болып жарияланды. Бұл күні елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері қазақ халқына алғыс айтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары