$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-ның Ордабасы ауданында жеміс-жидектер фестивалі өтті

Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 25 жылдығы жəне Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесіне орай, ОҚО Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан елдімекенінде ауылшаруашылық дақылдарының көрмесі өтті. «Жеміс-жидектер» фестиваліне барша аумақ əкімдіктері мен мектептер жəне мекемелер қатысты деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ордабасы ауданында 5203 шаруа қожалығы, 404 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 187 өндірістік кооператив 54 384 гектарға ауыл шаруашылық дақылдарын егіп, бүгінде еңбегінің жемісін көруде. Оның ішінде 2117 гектардан бақша өнімдері, 6469 гектардан майлы дақылдар, 3315 гектардан көкөніс, 635 гектардан картоп жиналуда. 

Жеміс-жидек фестивалін аудан әкімінің орынбасары Ә.Сәдірмек ашып, қатысушыларға алғысын жеткізді. Ордабасының өнімдері бүгінде талай өңірді тамсандырып жүргенін тілге тиек етіп, бұл жетістікте әр шаруаның еңбегі барын атап өтті.

Айта кетейік, күні кеше облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берген облыс әкімі Б.Атамқұлов өңірде ауыл шаруашылығының өнім көлемі 123 млрд. теңгені құрап, 2 пайызға артқанын айтты. Ал егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарды құраған.

Есепті кездесуде мәлім болғандай аграрлы аймақтың шаруалары осы жылы дәндік жүгеріден 108,4 мың тонна, көкөністен 811 мың тонна, бақшадан 1 252 мың тонна, картоптан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнім жинаған. Сондай-ақ, облыста алғаш рет бидайдың орташа өнімділігі 22 центнерді құрап, рекордтық өнім алынып отыр. Ал, диқандар болса өздерінің осынау жетістіктерін ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнағанын бұған дейін мәлімдеген болатынбыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары