$ 498.34  519.72  4.85

Түркістанда Ө.Жәнібековтың құрметіне көрме ұйымдастырылды

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында «Торғайдың Өзағасы» көрмесі болып өтті. Көрмені Қостанай облысы Арқалық ауданының «Дала өлкесі тарихы» музейі халқымыздың салт-дәстүрінің білгірі, еліміздегі мұражай ісінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 85 жыл толуына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырды.

Бұл туралы Түркістан қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жиынды «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының директоры Ж.Әубәкір ашып, Ө.Жәнібековтің еліміздің мәдени-рухани дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Арқалық ауданының «Дала өлкесі тарихы» музейінің директоры Г.Елтаева сөз алып көрмені тамашалауға келген қала әкімшілігін, оқу орындарын қалың көпшілікке таныстырды. Түркістан қаласы әкімінің кеңесшісі Ж.Ибрагимов «Дала өлкесі тарихы» музейінің директоры Г.Елтаеваны арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Көрмеге Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей жетекшілігімен қайта қалпына келтірілген құнды жәдігерлер – ұлттық киімдер, ұлттық бас киім үлгілері, түскиіздер мен түскестелер қойылған. Әрбір жәдігер өзіндік құндылықтарға толы, терең тарихтан сыр шертеді. Жиын соңы жиналған көпшілік Өзбекәлі әлемінен рухани байып тарқасты.

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты.

Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген “Арқас” қоғамы құрылды. Жәнібеков «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. «Наурыз» мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары