Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдық мерейтойы жақындаған сайын қазiргi экономикасы дамыған бақуатты заманға ризашылықпен қарап, жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы Қазақстан Республикасы үшiн қиын сынақтардан өткен ауыр кезеңдi ерiксiз еске аламын. Ол жылдары ендi ғана тәуелсiздiктiң алғашқы қадамын жасаған елiмiздiң болашақ тағдыры шешiлiп жатты. Көптеген зауыт, фабрикалар банкротқа ұшырады. Ал, жұмыс iстеп тұрғандарының өзiнде тоқтап қалу қаупi бар едi. Адамдар абыржып, нарықтық экономиканың қатал заңдылығына төтеп бере алмай жатты. Сонда да елiмiздiң тәуелсiздiгiне, болашағына сенiммен қарап, тығырықтан шығу жолдарын iздестiрумен болды.
Иә, ол кезде бiздiң облыстың әлеуметтiк-экономикалық жағдайы да өте ауыр халде едi. Электр қуаты, газ, жылу, су тапшылығы, бюджеттiк ұйым қызметкерлерiне төленуге тиiстi еңбекақы қарыздарының миллиардтап жинақталуы жұртты әрi-сәрi күйге түсiрдi. Көпқабатты үйлерде тұратындардың күндiз аулаға от жағып, қазан көтеруi үйреншiктi көрiнiске айналды. Ал, кешке қарай балалар майшам мен балауыз шамдардың жарығымен сабаққа дайындалатын. Жылы су дегенiң ешкiмнiң ойына да кiрмейтiн. Қыстағы жағдай да қиын едi. Көпқабатты үйлердiң пәтерiндегi радиаторлар болар-болмас қана жылитын, олардың көбiсi суыққа төзбей жарылып жатты.
Қаржы саласындағы ең қиын кезең 1995 - 1999 жылдар аралығында орын алды. Айлық жалақыдан қарыз мекемелер саны күн санап артты. Қаржы сұрап, есiгiмiздi қағатын сала басшылары жиiледi. Мектептерде тiптi бор, тақтаны сүртетiн шүберек алуға қаржы таппадық. Мұғалiмдерге «айлықтарыңнан алыңдар» деуiмiзге тура келдi. Жалақы мен жәрдемақының орнына ауылдық жерлерде шөп, бидай, ұн, киiм, қысқасы, тауар түрлерiмен есептесiп жатты. Жалақыға бидай бергенге қуанған елдi көрдiк. Жоқшылық демекшi, асарлатып мектеп салуға дейiн бардық. Мектептi асар әдiсiмен салу қылмыспен пара-пар. Бiрақ мектептiң жетiспеушiлiгi туындап тұрғанда, қаржының жоқтығы қолды байлап жатқанда амалсыздан осылай етуге мәжбүр болдық.
Осындай қиын жағдайда 1997 жылы облысқа Қалық Абдуллаев әкiм болып келдi. Халықтың сол тұстағы басына түскен тауқыметi оның да қабырғасына қатты батты. Ол өңiрдегi барлық ұйымдардың басшыларына сөз арнап, тығырықтан шығу жөнiнде ұсыныстарын айтуды өтiндi. Мен де өз ойларымды жазбаша түрде әкiмдiкке жеткiздiм. Қалық Абдуллаұлы менiң ұсыныс-пiкiрлерiме айрықша назар аударды. Шамасы одан күрделi проблемаларды шешудiң түйiндерiн тапқандай болды және бұл тұжырымдар кадрлық мәселелерге де әсер еткендей көрiндi. Әкiм маған облыстық қаржы басқармасын басқаруға ұсыныс жасады.
1998 жылы 3 наурызда Қаржы министрлiгiнiң келiсiмiн алып жаңа қызметке кiрiскеннен кейiнгi бiр сағаттай уақыт аралығында менi әкiмдiктегi кеңеске шақырды. Ол үшiншi қабаттағы кiшi мәжiлiс залында өттi. Облыс әкiмi менi облыс активiне таныстырып өттi. Одан соң облыстағы салық түсiмдерi жайлы қызу талқылау басталып кеттi. Қалық Абдуллаұлы салық инспекциясының бастығы В.А.Крипулевичтiң жұмысына өткiр сын айтты.
Ол өз жауабында кәсiпорындардың бiр-бiрiне қарыз екендiгiн алға тартты. Сондықтан оларда табыс жоқ. Ал, кiрiс болмаған соң салық төленбейдi.
– Бұл тығырықтан шығудың жолы бар ма? – деп облыс әкiмi маған күтпеген жерден сұрақ қойды. – Ақшаны қалай табу керек?
Осы тұста мен орнымнан тұрып:
– Кәсiпорындар мен ұйымдардың қаржы жағдайын тағы да тереңiрек зерттеген жөн. Күрделi жағдайдан шығудың жолын табуға болады. Ол үшiн үш айдай мұрсат берiңiз, – дедiм.
Менiң бұл сөзiме залда отырған әрiптестерiм мысқылдай қарады.
– Екi жыл бойына шешiлмей келе жатқан мәселенi сен үш айда қалай шешiп тастамақсың? – дедi залдан бiреу.
– Кәсiпорындардың бiр-бiрiне қарыздарын жабудың басқаша бiр жолын iздестiрiп, стандарттан тыс жаңа қаржы механизмiн жасау керек.
– Ол жаңаша ойлап тұр! – дедi Қалық Абдуллаұлы.
Мәжiлiстен кейiн облыс әкiмi менi кабинетiне шақырды.
– Әлгiнде айтқан сөздерiңе сенiмдiсiң бе? – дедi ол.
– Иә, сенiмдiмiн!
– Онда проблеманы шешудегi өз тұжырымдарыңды ұсын.
Содан барлық қаржы проблемасын егжей-тегжейлi зерттей бастадым. Жағдай өте ауыр едi. Мысалы, облыс мұғалiмдерi 6-7 айдан берi, ал, медицина қызметкерлерi бiр жылдан берi жалақы алмаған. Еңбекақы қарыздардары 1 млрд. 200 млн. теңгеге, жағдайы төмен отбасыларындың балаларына төленетiн жәрдемақы бойынша қарыздар 1 млрд. 500 млн. теңгеге жеткен. Бұл сол кездегi бюджеттiң 16,7 пайызы едi. Бюджеттiк мекемелер қызметкерлерiне айлықты уақтылы төлей алмаудың салдарынан келеңсiз жағдайлар туындап жатты.
Мектептер мен ауруханалардағы ең үздiк деген мамандар жұмысын тастап кетуге мәжбүр болды. Сөйтiп, Қытай тауарларын алып-сататындардың қатарын толықтырды. Оларды базардан, дүнгiршектерден, дүкендерден көру үйреншiктi жағдай болып қалды. Бұл келеңсiздiк бiлiм беру мен денсаулық сақтау саласының жұмысына керi әсерiн тигiзiп, педагогикалық және медициналық қызмет көрсетудiң сапасы күрт төмендеп кеттi.
Осындай қиын жағдайдағы күрделi проблемаларды шешуге менiң әрiптестерiм көмек бердi. Олар сол кездегi облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасарлары Г.Ф.Морозова, К.Б.Дүйсенбиев, бөлiм бастықтары Г.Қазақбаева, И.Двинина, Р.Бекжанова, Қ.Әуезбаев, Д.Тұрсынбетова, М.Пернебеков, сектор меңгерушiлерi: Б.Керiмқұлов, Ш.Кенжеев, Б.Қыстауов, тағы басқалары едi.
Ең бiрiншi кезекте бюджет қаржысының жұмсалуын өз қолыма алдым. Ал, орынбасарларым құжаттарды талдаумен және оны қарауға дайындаумен айналысты. Мұндай тәжiрибе өзiн ақтады.
Ол кезде облыс бюджетi ауқымды қаржы жүктемесiн көтере алмайтын жағдайда едi. 1998 жылы еңбекақы мөлшерi бiлiм беру саласыңда – 6333 теңге, денсаулық сақтау саласында – 6736 теңге, халықты әлеуметтiк қорғау саласында – 5112 теңге, мәдениет саласында 5926 теңге болғанына бүгiнде бiреу сенсе, екеу сенбейдi. Осы аз ғана айлықтың өзiн төлеу қиынға соқты.
Содан да барып медицина, бiлiм беру және мәдениет мекемелерiнiң штатына елеулi түрде қысқарту жүргiзуге мәжбүр болдық. 1997 жылы амалдың жоқтығынан облыстың денсаулық сақтау мекемелерiңде 3601 штаттық бiрлiк, 1799 төсек-орын қысқартылды. 20 мекеме жабылды, содан жекешелендiрiлдi. Сол тұста медицина саласын қаржыландырудың медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландыру түрi енгiзiлген болатын.
Алайда, сол кездегi экономикалық жағдайға байланысты енгiзiлген осынау жаңа қаржыландыру тәжiрибесi өзiн ақтай алмады. Өйткенi, кәсiпорындар мен мекемелер мiндеттi медициналық сақтандыру қорына есеп шоттарында қаржы болмағандықтан, тиесiлi қаржыларын уақтылы аудара алмады.
Бiлiм беру саласында да бiрқатар қысқартулар жүргiзуге мәжбүр болдық. Айтар болсақ, 314 штат бiрлiгi, 4249 педагогикалық бiрлiк, 758 жиынтық-сыныптары қысқартылып, 126 мекеме (балалар бақшасы, шағын жиынтықты мектептер, мектептен тыс мекемелер, т.б.) жабылды. Әсiресе, мекемелердегi күзетшi, еден сыпырушы, от жағушыларды көбiрек қысқартуды жөн санадық. Сондай-ақ, бюджет қызметкерлерiн ақысыз демалысқа жiберу шарасын қолдануға дейiн мәжбүр болдық.
Әрине, мұндай қысқартулардың бәрiнiң де артында адам тағдыры тұрды. Сондықтан да бұл жөнiндегi мәселенi жеке-жеке қарап шештiк. Алайда, шынайы тiрлiктi кабинетте отырып шеше алмайсың. Сондықтан бiр жерде отырып жұмыс iстеу тәсiлiнен бас тартып, аудандар мен қалаларға жиi шыға бастадық. Бұл ретте облыс әкiмiнiң қолдауы мен көмегiн көп көрдiм. Абдуллаев өзiнiң бiрiншi орынбасары Владимир Кузьмич Колесниченкоға менiмен бiрге аудандарды аралап, ондағы проблеманы зерттеудi және қаржы қыспағынан құтылудың жолдарын iздестiрудi тапсырды.
Бюджет қаржысын бөлу iсiне өте қатал қарадық. Әрбiр тиын үшiн күрес жүрiп жатты. Бiз қаржы iсiндегi жағдайды егжей-тегжейлi және тынбай зерттедiк, қаржының тиiмдi, сонымен қатар, мақсатты жұмсалуына мұқият талдау жасап отырдық. Мұндай жұмыс, әрине, өзiнiң оң нәтижесiн бере бастады. Облыстың ақша қаражатын реттеу мен бөлу мәселесiн жоғары дәрежеге көтеруге қол жеткiзгенiмiздi атап өткен жөн. Облыс әкiмдiгi мен облыстық басқармалардың бiрiге күш жұмсауының арқасында орасан көп бюджет қарыздары жабылды. Екi ай көлемiнде бiз бюджеттiк ұйым қызметкерлерiнiң еңбекақы проблемаларын шеше алдық. Тек бiр айлық қарыздар ғана қалды. Артық шығындарды оңтайландыру жолымен қысқарту өз нәтижесiн бердi. Бiз қаржы қыспағынан шығумен бiрге әлеуметтiк саланың өркендеуiне де бастапқы негiз қаладық.
Әлеуметтiк жәрдемақы жөнiндегi қарыздарды төлеу проблемасын терең зерттедiк. Осы ыждағатты талдаудың нәтижесiнде облыста бұл мәселенi шешу үлкен күштi талап ететiнiн аңғардық. Оның мәнiсi – жәрдемақылар төлемiнiң көлемi шамадан тыс көбейiп, ал, оның төленбей жатқан мөлшерi күннен күнге өсiп жатқандығында едi. Аудандық әкiмдiктер бұл iстi назардан тыс қалдырған, сонымен қатар, аталған мәселенiң мән-жайын зерттемеген. Тiптi, әлеуметтiк жәрдемақыны тиiстi, тиiстi емес адамдарға жаппай беру үрдiсi қалыптасқан. Бұған себеп, көптеген адамдардың жер учаскелерi, төрт түлiк малы, бау-бақшасы, қосымша табыстарының болғанына қарамастан, оларға әлеуметтiк жәрдемақылар тағайындалған. Әлеуметтiк әдiлетсiздiк айқын көрiнiп тұрса да, ол жергiлiктi билiк тарапынан зерттелмедi және халықтың материалдық мүмкiндiктерiне есеп жүргiзiлмедi. Өйткенi жәрдемақы аудандық, қалалық бюджеттiң есебiнен емес, облыстық бюджет есебiнен төленетiн болғандықтан, аудан, қала әкiмдерi бұл мәселеге атүстi қарап келген. Сондықтан бюджет қаржысын мақсатты жұмсау үшiн және аудан, қала әкiмдерiнiң жауапкершiлiгiн арттыру мақсатында облыс әкiмiне әлеуметтiк жәрдемақы төлемдерi жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу мiндетiн аудандық әкiмдiктерге беру туралы ұсыныс жасадым. Ол бұл бастаманы қолдады. Соның нәтижесiнде әлеуметтiк жәрдемақы қарыздарын аз уақыт iшiнде шамамен 50 пайызға дейiн қысқартуға мүмкiндiк туды. Бұл ұйымдастыру мәселесiн дұрыс шеше бiлудiң көрiнiсi едi.
Осылайша, әр қадам сайын күрделi мәселелердi бiртiндеп шешiп, облыстың қаржы жүйесiн тұңғиықтан аман алып шыға бастадық. Әдеттен тыс жұмыс тәсiлiмiзге облыс әкiмi ризашылықпен қарап, барлық бастамамызды iле қолдап отырды. Мұндай моральдық қолдау бәрiмiзге де қанат бiтiрдi.
Көптеген кәсiпорындар мен ұйымдардың бiр-бiрiне қарыз болған кезеңдегi өзара төлемдерiн реттеу үшiн облыстың салық және банк қызметiне араласуымызға тура келдi. Бiз қарыздар тiзбегiн талдадық, сөйтiп төлемдер тәртiбiн реттеу жөнiндегi өз ойларымызды қорытып, қыспақтан шығудың жолдарын белгiледiк.
Барлық мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелерге бiрiншi кезекте коммуналдық қызмет қарыздарын төлеудi ұсындық. Коммуналдық қызмет қөрсететiн кәсiпорындар бюджетке берешек салықтарын төлеуге мүмкiндiк алды. Одан әрi қарай басқа мекемелерге қарыздарын жаптырып, бюджетке тиiстi салықтарын төлеуiне бақылау жасадық. Осылайша экономиканың барлық нысандары бойынша қаржы айналымы денеге қан жүгiргендей қозғалысқа түстi. Бiз белгiлеген кесте бойынша қарыздарды кезек-кезегiмен жабу өз нәтижесiн берiп, ақша айналымы қалыпты жүйеге түстi, қаржы принциптерi бойынша жұмыс iстеу жолға қойылды.
Кiрiстердiң жаңа көздерiн табу бiздiң қызметiмiздiң ең басты ұстанымы болды. Облыстың барлық аудандары мен қалаларына барып, ондағы жағдайлармен таныстым. Семинарлар мен кеңестер өткiздiм. Онда бiз жергiлiктi билiк өкiлдерiмен және қаржыгерлерiмен бiрлесе отырып, ақша қаражатын басқару жүйесiн талдадық, кiрiстер көзiн iздестiрдiк. Осы арқылы қаржы жүйесiндегi ең қажеттi түйiндердi шешуге қол жеткiздiк. Бұл iске облыстағы мемлекеттiк қызметшiлердiң орасан ауқымды тобын жұмылдырдық.
Кәсiпкерлiк салықтың негiзгi көзi болып табылатындығы белгiлi. Мұны облыс әкiмi де жақсы түсiндi. Ол алдағы уақытты пайымдай бiлетiн адам едi және барлық мәселеге болашақ тұрғысынан қарайтын. Сонымен бiрге, нарықтық экономика заңдарын жақсы түсiндi. Әсiресе, шағын және орта бизнестi дамытуға айрықша көңiл бөлдi. Сол кезде бұл iске бiлiктi маман Роза Төлепбекқызы Назарбекова басшылық жасады. Ол бiздiң облыста бизнестiң дамуы үшiн көп жұмыстар атқарды.
Қалық Абдуллаұлы облыста бизнестiң тез дамуына тiлеулес бола отырып, бiзге, облыстық ұйымдардың басшыларына өз туыстарымыз бен достарымызды бизнестi дамытуға тартуды ұсынды. Және олардың iс-әрекетiне бiз жауап беруге тиiстi болдық. Бұл ұсыныс бiзге тосындау көрiндi. Осыны аңғарған әкiм:
– Патша заманында банкирлер бiрiншi кезекте, қоғамдағы ауқатты қауым өкiлдерiне – помещиктерге қолдау көрсеткен. Олар өз кәсiптерiн қалай ұйымдастыруды бiледi және жақсы жүргiзе алады. Осылайша банк қаржысы кiм көрiнгеннiң қолында кетпей, мақсатты мүдде бойынша жұмсалатын болады, – деп бiзге өз пайымдауын таратып түсiндiрдi.
Сол тұста шағын және орта кәсiпкерлiкке қаржылай көмек көрсетудiң жаңа ережесiн жасадық. Ол кезде қазiргiдей бюджет қаржысынан несие бөлу жөнiнде нормативтiк-құқықтық актiлер болған жоқ едi. Бiз тәуекелмен жұмыс iстедiк. Облыс әкiмiнiң ұсынысы бойынша сол сәттердегi қиын жағдайға қарамай, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға бюджеттен қаржы қарастыра бiлдiк. Бiз несие беру мен ақшаны мемлекеттiң қазынасына қайтарудың жаңа механизмiн жасадық. Ал, қарыздың уақтылы және толық мөлшерде қайтарылуына облыстық кәсiпкерлiк басқармасы жауап бердi.
Облыстың аудандары мен қалаларында да кәсiпкерлiктi дамыту жөнiнде елеулi жұмыстар жүргiзiлдi. Мысалы, Арыс қалалық кәсiпкерлiк бөлiмi «Простоквашино» деп аталатын бағдарлама түздi. Оның нобайы өте қарапайым. Фермерлер бюджет қаржысы есебiнен бiрнеше сиыр сатып алады. Олар балабақшаларға, ауруханаларға сүт өткiзумен айналысып, түскен ақшаға тағы да бiрнеше сиыр сатып алады. Кәсiпкерлер осылайша бiртiндеп жағдайы жақсарғаннан кейiн о баста қарыз алған ақшасын мемлекетке қайтарады. Сөйтiп, ақша қаражаты айналымға түседi және облыс экономикасына қызмет етедi. Ең бастысы, олар тұрғындардың мұқтажын өтеуге қызмет ете бастайды. Ал, қазiргi кезде ауыл шаруашылығын қолдауға жыл сайын бюджеттен 18-20 млрд. теңге бөлiнуде. Бұлай болады деген ой ол уақытта өңiмiз түгiлi түсiмiзге де кiрмеген едi.
Осылайша экономикалық реформадағы бастапқы қадамдарымыз бiртiндеп қарқын ала бастады. Бiздiң облыстық кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi тәжiрибемiзге өзге облыстар қызыға қарап, тәжiрибе алмасуға келiп, үйренiп жатты.
Сол бiр ауыр кезеңде бiздiң қаржы органдарының қызметкерлерi өздерiн соғыс жағдайында жұмыс iстеп жүргендей сезiндi десек артық айтқандық болмас. Бiз таңертеңгi 8-00-ден бастап, түнгi 24-00-ге дейiн дамыл таппайтынбыз. Осындай жанкештiлiк пен табандылық танытпайынша қордаланған проблемаларды шешу мен оң нәтижеге қол жеткiзу мүмкiн емес болатын.
Бұл қиындықтың бәрi де бүгiнде көрген түстей елес болып тарих қойнауында қалды. Ел тәуелсiздiгiнiң басындағы өтпелi кезеңнiң барлық қиыншылығын еңсерiп, бүгiнгi көз көрген ынтымақ пен жетiстiкке қол жеткiзген елiмiздiң тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаев сол тұста-ақ бұл қиындықтың бәрi де өтпелi екенiн айта келiп, «Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елiмiзде дәулеттi де сәулеттi өмiр орнайтынына кәмiл сенемiн» деген едi. Айтқаны айдай келдi.
Мұның жарқын мысалын өз өңiрiмiздiң соңғы оншақты жыл көлемiндегi әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерiнен де айқын аңғаруға болады. Облыс орталығы Шымкент қаласының өзiнде әкiмшiлiк-iскерлiк орталығы, «Оңтүстiк циркi», «Отырар» кiтапханасы, емхана және халқымыздың салт-дәстүрiнен мол мағлұмат беретiн «Наурыз» алаңы сияқты көптеген мәдени-тынығу нысандары пайдалануға берiлдi. Бадам, Қошқарата өзендерiнiң бойы абаттандырылып, өзендер бойынан демалыс аймақтары мен гүлзарлар салынды. Бәйдiбек би ескерткiшiнен ипподромға дейiнгi аумақта этно-тарихи саябағы, сондай-ақ, облыстық музей мен әдет-ғұрып орталығы ашылды.
Облысымызға Бейбiт Атамқұлов әкiм болып келген 2015 жылдың тамыз айынан бергi кезеңде атқарылған игi жұмыстарды санамалап шығудың өзi қиын. Әлемдегi қаржы-экономикалық дағдарыс қарқын ала бастаған шақта өңiр тiзгiнiн қолға алған жаңа әкiм орын алған проблемаларды шешуге заманауи тұрғыдан қарап, тығырықтан шығудың тың тәсiлдерiн енгiзе бастады. Нәтижесiнде қалыптасқан әлемдiк дағдарысқа қарамай барлық сала бойынша өсiм мен iлгерiлеушiлiк байқалады. Атап айтар болсақ, өнеркәсiп өнiмi көлемiнiң динамикасы тұрақты өсiп, 1991 жылғы 515 млн. теңгеден 2015 жылы 668,4 млрд. теңгеге, ауыл шаруашылығының жалпы өнiмi 1991 жылғы 10,5 млрд. теңгеден 2015 жылы 344,6 млрд. теңгеге, негiзгi қорға бағытталған инвестициялардың көлемi 1991 жылғы 1,2 млрд. теңгеден 2015 жылы 416,0 млрд. теңгеге өсiп, кәсiпкерлiк субьектiлердiң саны 852-ден 185,3 мыңға, жұмыспен қамтылғандар 8,9 мыңнан 329,5 мыңға жеттi. 1991-2015 жылдар аралығында мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен облыста 1046 нысан құрылысы жүргiзiлiп, бiлiм саласында – 519, денсаулық сақтауда – 348, мәдениетте – 22, спорт саласында – 22, өзге де 155 нысанның құрылысы жүргiзiлiп, пайдалануға берiлдi. Сонымен қатар 2016 жылы 91,5 млрд. теңгеге 267 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргiзiлуде және жыл соңына дейiн 186 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Облыс әкiмдiгi назарындағы басты мәселенiң бiрi – ол халықты жайлы пәтерлермен қамтамасыз ету. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 4 818 пәтер пайдалануға берiледi. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 74 пайызға артық.
Бұрын шетелдерде елшi болып дипломатиялық жолдың қыр-сырын меңгерген Бейбiт Бәкiрұлы облыс экономикасын одан әрi дамыту үшiн iшкi ресурстарға ғана сүйенбей, сырттан инвестиция тартуға баса назар аударды. Осы мақсатта соңғы бiр жылдың iшiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының iскер азаматтарымен бiрге Еуропа мен Азияның бiрқатар елдерiне және Ресейге арнайы сапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесiнде облыста шетел инвесторларының қатысуымен жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларынан асатын 24 жобаны iске асыру жөнiнде келiсiм жасалды. Биылғы көктемде Оңтүстiк өңiрiнде «Ontustik invest» халықаралық инвестициялық форумы өткiзiлдi. Оған 24 мемлекеттен 700-ден астам мемлекеттiк орган өкiлдерi мен iрi компания басшылары қатысып, 1,2 млрд. АҚШ долларын құрайтын 31 меморандумға қол қойылды. Жалпы, өткен жылы сыртқы инвестициялардың көлемi 48,3 млрд. теңгенi құрады.
Өткен жылы негiзгi капиталға бағытталған инвестиция көлемi 416 млрд. теңгенi құраса, биылғы 5 айда ол 90 млрд. теңгеден асып отыр.
Соңғы кезде облыста қолға алынған тағы бiр тың бастама – «ақылды аймақ» кластерiн құру болды. Өңiр басшысы жаңа технологияларды ауыл шаруашылығы, бiлiм беру, денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету салаларына енгiзудi көздеп «Smart Ontustik» жобасын қолға алды. Күнi ертең «Smart Ontustik» жобасы арқылы жер телiмдерiн рәсiмдеу, баланы балабақшаға кезекке тұрғызу, баланың денсаулық паспортын жүргiзу сияқты мәселелердi үйiңiзден шықпай-ақ онлайн режимiнде орындай аласыз.
Облыстағы тағы бiр үлкен де елеулi жаңалық – Шымкент қаласының солтүстiк бөлiгiнде, Бәйдiбек би ескерткiшiнiң жанында «Shymkent City» деген атаумен жаңа iскерлiк және тұрғын үй кешенi салынатын болады. Бүгiнгi таңда жол және басқа да коммуникациялар орнату бойынша тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде. Ең жоғары стандарттарға жауап беретiн кешен құрылысына iрi америкалық АЕСОМ компаниясы инвестиция тартуға көмектеседi. Жоба өткен жылы ұсынылған және облыс әкiмi Б.Атамқұловтың тарапынан қолдау тапқан Шымкент қаласының 2020 жылға дейiнгi даму тұжырымдамасының шеңберiнде жүзеге асырылуда. Шымкент Елбасының назарындағы қала болғандықтан оған облыс тарапынан үнемi қолдау көрсетiлiп келедi. Қаланың дамуына бюджеттен тек биылғы жылдың өзiнде 42,5 млрд. теңге бөлiнiп отыр.
Өткен кезең мен қазiргi кезеңдi салыстыра отырып, жүрiп өткен жолымызға қысқаша шолу жасадым. Қарап отырсақ, бiз өзiмiздiң бүкiл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткiздiк. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерiлдi, әлеуметтiк салада жаңа асулар бағындырылды. Тәуелсiздiк тұсындағы осындай өркендеу өлшемдерi бәрiмiздiң де болашаққа деген сенiмiмiздi нығайтады.
Исмайлбек ШАЛАБАЕВ,
ОҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары.