$ 444.22  476.38  4.82

Зейнетақы қорындағы ақшамыз текке жатса құнсызданады

Жалақыңыз 100 мың теңге болған жағдайда ай сайын 10 мың теңге зейнет­ақы қорына аударылатынын бәріміз жақсы білеміз.

50 мың теңгелік жұмыс істейтіндер 5 мың теңгесін аударады. Ол міндетті. Заңдастырылған. Оған қарсы дау айтуға ешкімнің қақысы жоқ. Айлық жалақысы 200-500 мың теңгеге тең тұрғындар да зейнетақы қорына айына қанша ақша аударылатынынан хабардар. Бірақ көпшіліктің жалақысы оған жетпейді. Сондықтан біз олардың зейнетақы қорына қанша аударатынына басымызды қатырғымыз келмейді. «Көп түкірсе көл» демекші, бүкіл қазақстан­дықтардың БЖЗҚ-ғы ақшасы биыл шілде айында 6,22 триллион теңгеге жетті. Бұл енді қомақты қаражат. Кім болса да, айлығының шетінен опырылып басқа шотқа аударылып жатқан қаражаттың қайда, не мақсатқа жұмсалып жатқанынан хабардар болғысы келеді. Кейде тіпті «Осы біз зейнеткерлікке шыққанға дейін сол қаражат толығымен сақтала ма екен?» деген де күдікті ой мазалап өтері анық. Рас, біздің зейнет жасына жеткенге деп жинап жатқан қаражатымыз мұрты бұзылмай сақталып тұр дей алмаймыз. Егер олай болса «өлі капиталға» айналып, қайта біздің экономикамызға кері әсерін тигізер еді. Сондықтан да жыл сайын БЖЗҚ активтерінің қандай бағыттарға инвестицияланатыны белгіленеді. Мәселен, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару кеңесі отырысының 2016 жылғы 20 ақпандағы №01-9.2 хаттамасына сәйкес БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері биыл мынадай бағыттарға инвес­тицияланатын болады:

– республикалық бюджет тапшы­лығын қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу;

– шетелдік қаржы нарықтарына инвестициялау үшін шетелдік валюта сатып алу;

– шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктердің келісілген қаржы құралдарына инвестициялау;

– квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің келісілген борыштық бағалы қағаздарына инвестициялау.

Зейнетақы акивтері жыл санап артып келе жатқан қомақты қаражат. Бұл қаражатты орнымен пайдаланып, реті келсе үстемелеп отыруға тиіспіз. Қазіргі таңда зейнетақы активтерін қандай мақсатта пайдаланған тиімді?

– Үкімет бүгінде зейнетақы активтерін екі мақсатқа пайдаланып жатыр, – дейді қаржыгер-экономист Ілияс Исаев. – Оның негізі үш бағыты болған. Бірінші, мемлекеттік бағалы қағаздарға ин­вестиция жасайды. Екінші, ұзақ мерзімді ресурс ретінде коммерциялық банктерге береді. Үшінші, сыртқы активтерге салу. Елбасы осындай үш мақсатқа пайда­лануды айтқан. Негізі мемлекеттік бағалы қағаздарға салады. Мемлекеттік бағалы қағаздардың ішінде квазимемлекеттік бағалы қағаздар да бар. Себебі, мемле­кетке қарағаннан кейін бұл ақшаның қайтарылуына Үкіметтің өзі жауап береді. Кезінде коммерциялық банктерге беруге келісті. Дегенмен коммерциялық банктер портфелінің сапасына да қарайды. Ал коммерциялық банктер Үкіметтің «Нұрлы жол», шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағыттауға тиіс. Сосын міндетті түрде пайызды субси­диялау мақсатына беріледі. Онда да ақшаның қайтарылымы дәлелденген, тиімділігі жоғары инвестициялық жобаларға ғана жұмсалады. Сондықтан қазіргі таңда зейнетақы қорындағы ақша тек Үкіметтің қалауымен жұмсалады. Осы ретте айта кету керек, коммерциялық банктердің негізгі көздегені – табыс. Зейнетақы активтерінен олар сонша­лықты қомақты табыс таба алмай­тындықтан, олар бұл активті игеруге аса құлшыныс танытып отырған жоқ. Бұған себеп – коммерциялық банктер зейнетақы активтері үшін жауап беруге тиіс. Оның қайтарымы бар. Бұл ұзақ мерзімді несие беруге бағытталған қаржы. Коммерциялық банктер қысқа мерзімде бір ақшаны бірнеше рет айналысқа түсіріп үйренген. Олар өздері пайыздық үстемақысын қояды, сосын өзі тұты­нушыға береді. Бұл – бір. Екіншіден, негізі коммерциялық банктер шағын және орта кәсіпкерліктен гөрі сауда-саттық саласына несие беріп дағдыланған. Жоғары пайыздық үстемақымен тезірек несие беріп, тезірек оның қайтарымын алуға үйренген. Экспорт-импорт та­уарларына, мұнай саласына несие беріп дағдыланған. Шындығын айтқанда, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік саласына несие бергісі келмейді. Себебі, пайыздық үстемақысы төмен. Ал Үкіметтің талабы басқа, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерлікке беру. Бұлардың қашып отырған себебі сол. 

Қалай дегенде де ақша үнемі айна­лымда болуға тиіс. Қазір зейнетақы актив­терінің табыстылық деңгейі жоғары деген әңгіме айтылып жүр. Ал зейнетақы активтері міндетті түрде айналымда бо­лып, ол инвестицияға жұмсалуы керек. Олай болмаған жағдайда, біріншіден, инфляция жеп қояды. Екіншіден, оларды сақ­тау қиын. Үшіншіден, халық инвест­кірісін сұрайды. Қазір халық сауатты. «Ақ­шамды пәлен уақытқа салдым, менің инвесткірісім қайда?» деп талап етеді. Сондықтан зейнетақы активтері еш уа­қытта бос жатпауы қажет. Білгілі бір мақ­сатта табыс әкелетін жерге инвес­тиция­ланып отыруға тиіс. Зейнетақы активтерін орнымен пайдалана алмаса, оны жоғалтып алуы, тіпті шығынға ұшырауы мүмкін. Бұл қайтарылуға тиіс қаражат. Мемлекеттік жинақтаушы қоры шығынға ұшырап жатса, ол мемлекеттік бюджетке қайтадан қосымша салмақ. Сондықтан Үкімет те, көпшілік қауым да зейнетақы активтерін табысты пай­далануға мүдделі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары