28.10.2021, 00:47

Энергетика министрлігі АЭС салу мәселесін қарастырып жатыр

Қарашада Энергетика министрлігі бұл мәселелерді халықаралық сарапшылармен талқылайды.

Қазақстан энергетика министрлігі атом электр станциясын салу мәселесін қарастырып жатыр. Атап айтқанда, нысанның орналасуы, қуаты мен технологиясын зерттеп жатыр. Бұл жөнінде энергетика вице-министріне сүйенген Vlast сайты жазды.

"Осындай жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті критерийлерді ескере отырып, ел аумағының қай жерінде салынатынын анықтаймыз. Сонымен бірге технология, станция қуаты бойынша халықаралық сарапшылармен кеңесіп жатырмыз. Елде электр тапшылығы туындауы мүмкін бе, жоқ па, осы мәселелерді анықтау үшін қазіргі электр тұтыну мен өндіру балансына талдау жүргіземіз. Бұл жұмыстардың барлығы кешенді түрде атқарылып жатыр" деді вице-министр Мұрат Жүребеков.

Оның айтуынша, қарашада энергетика министрлігі бұл мәселелерді халықаралық сарапшылармен талқылайды. Вице-министр президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген бір жыл ішінде жобаның жай-жапсарын әзірлеп таныстыратынын айтқан.

Кейінгі кезде билік АЭС мәселесін қайта жиі айта бастады. Биыл қыркүйек айының басында Қасым-Жомарт Тоқаев елге атом электр станциясы қажет деп мәлімдеген. Оның алдында сол кездегі энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Семей ядролық полигоны орналасқан Курчатов қаласында болашақ АЭС салынуы мүмкін екенін айтқан.

Бірақ халық арасында АЭС-ке байланысты қорқыныш та бар. Жұрт елде салынған АЭС апатқа ұшырай ма деп қауіптенеді. Елдегі жемқорлық мәселесі де жағдайды күрделендіруі мүмкін деп санайтындар бар. Жақында болған наразылықтар кезінде "АЭС салынбасын!" деген ұрандар да айтылды.

30 қыркүйекте аймақаралық ынтамақтастық форумы кезінде Ресей президенті Владимир Путин "Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр" деп мәлімдеген. Ол станция ғана емес, тұтас атом саласын дамыту жөнінде ұсыныс айтқан.

azattyq.org

Тегтер: АЭС