Елімізде соңғы жылдары зейнетақы көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елдегі орташа зейнетақы көлемі 99 887 теңгені құрап отыр. Қуаныштысы, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жалпы айтар болсақ, жыл басынан бері ел тұрғындары 2 триллион теңгеден астам зейнетақы алған. Республикалық бюджеттен бөлінген бұл соманың 614,9 млрд теңгесі базалық зейнетақыға ал 1 трлн 390, 1 млрд теңгесі ынтымақты зейнетақы төлемдеріне кеткен.
Соңғы жылдары елімізде зейнеткерлердің саны артқаны байқалып отыр. 2010 жылы зейнеткерлік жастағы халық үлесі 9,9%-ті болса, 2020 жылы 11%-ке жетті. Ал жалпы еліміздегі зейнеткерлер саны 2 млн 229 мың адамды құрайды екен.
Осының салдарынан елімізде еңбекке қабілетті бір адамға түсетін демографиялық жүктеме өсіп жатыр. Елдегі еңбекке қабілетті жастағы 1 000 адамға еңбекке қабілетті жастан кіші және одан үлкен 692 адам келеді (бір жыл бұрын – 687, ал он жыл бұрын – 555 адам).
Қазақстандағы зейнетақы төлеу жүйесі белгілі бір заңдылықтарға негізделеді. Нақты айтар болсақ, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 2018 жылдың бірінші шілдесінен жеке тұлғаның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесіне сәйкес әр алушыға жеке-дара тағайындалады. Бұл жерде толықтырып айта кететін тағы бір жайт, 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылып есептеледі.
Енді осы зейнетақы жүйесінің нақты қалай есептелетіне назар аударайық.
Мәселен, 20 жылдық еңбек өтілімен зейнет жасына жеткен зейнеткердің базалық зейнетақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74% -ын құайды. Сол секілді 30 жыл - ең төменгі күнкөріс деңгейінің 94% -ын құрайды. 33 немесе одан да көп жылдық тәжірибесі бар ол ең жоғары мөлшерде - ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100% мөлшерінде белгіленеді екен.
Басында айтып өткеніміздей, зейнетақы көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Жақында ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына түзетулер әзірлеп жатқанын хабарлады. Арнайы жұмыс тобының дайындап жатқан жобада зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар талқыланып жатыр. Соның бірі - 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу жайы.
Қазақстан Республикасы Еңбекмині әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегайдың айтуынша, бұл жоба зейнетақы көлемін арттыруды көздейді.
«Қазіргі уақытта ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны тағайындау тетігі пысықталуда, ол мыналарды көздейді:
– ең төменгі мөлшерді ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан 70%-на дейін ұлғайту ұсынылады;
- қатысудың ең аз өтілін 10 жылдан 5 жылға дейін азайту;
- зейнетақы мөлшерін шектеуді алып тастау (қазіргі уақытта ең жоғары шектеу қатысу өтілі 33 жыл және одан көп болған кезде 1 ЕТКД-ні құрайды).
Ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыруды, барлық азаматтарға қатысты бірыңғай көзқарасты, ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіруді, зейнеткерлік алдындағы және зейнеткерлік жастағы азаматтардың еңбек қатынастарын және жұмыспен қамтылуын ынталандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл халықаралық сарапшылардың ұсынымдарына сәйкес келеді.
- Бұл ретте тұжырымдамада зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар үшін зейнеткерлікке шығуды «кейінге қалдыру» құқығын беру көзделеді. Бұл болашақта ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға мүмкіндік береді, өйткені зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейінгі еңбек кезеңдері оның мөлшерін анықтау кезінде ескеріледі», – дейді Виктория Шегай.
Қазақстан 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы көшкені белгілі.
2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 12,9 триллион теңгеге жетіп отыр.
Зейнетақы жинағының негізгі сомасының басым бөлігі (12,6 триллион теңгесі) міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасып отыр.
Зейнетақы жинағының 342,6 миллиард теңгенсі міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен толығып отыр.
Сол секілді ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинағының сомасы 1,6 миллиард теңгені құрады.
Өз кезегінде БЖЗҚ өз салымшылары мен алушыларына қолайлы жағдай жасап отыр. Қазір зейнетақы қызметтерін жеке куәліксіз де алуға болады. Ол үшін смартфоныңыздағы еGovMobile қосымшасында оның цифрлық (электрондық) нұсқасы болса жеткілікті.
Сонымен қатар азаматтар
- жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу;
- қосымша деректемелерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу;
- зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлау тәсілін өзгерту (айқындау) секілді қызметтер ала алады.
Айтпақшы салымшылар (алушылар) зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы/зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аудару туралы/инвестициялық портфельді басқарушыны таңдау (өзгерту) туралы өтініштер берген кезде цифрлық құжаттарды пайдалану мүмкіндігін де толыққанды пайдаланып отыр деуге болады.