19.10.2016, 16:06

Ұлы баба мұрасы қалай зерттелуде?

Түркiстанда ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мен ЮНЕСКО тарапынан 2016 жылдың «Ясауи жылы» деп жариялануына орай «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен iлiмiнiң зерттелу мәселелерi» атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өттi. Аталған iс-шараны «Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық музейi мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi бiрiгiп ұйымдастырды.

Конференцияны ашқан «Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық-музейiнiң директоры Ж.Әубәкiр қатысушыларға сәттiлiк тiлеп, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрi Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткiздi. Сондай-ақ, ол музей жанынан айына бiр рет жарық көретiн республикалық мәдени-танымдық «Ясауи мұрасы» газетiнiң алғашқы санының оқырмандарға жол тартқанын хабарлады. ХҚТУ-дiң бiрiншi вице-президентi М.Куталмыш бүгiнгi конференцияға қатысушылардың Ясауи мұрасының адамзат игiлiгiне айналуына сүбелi үлес қосатынына сенiм бiлдiрдi.

Аталмыш жиынға Ресей, Түркия, Өзбекстан, Англия сынды шетелдерден қонақтар және отандық ясауитанушы ғалымдар қатысты. Қожа Ахмет Ясауидiң мұрасы мен iлiмiн зерттеумен айналысып жүрген белгiлi қазақстандық профессор-ғалымдар Д.Кенжетай, З.Искакова, Ғ.Қамбарбекова, М.Көпбаева, сонымен қатар ұлыбританиялық ғалым-зерттеушi Джонатан Трапман, Новосiбiрлiк А.Анойкин, бұқаралық С.Иноятов сынды шетелдiк ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Ясауи хикметтерiн аударуға белсене атсалысып жүрген ағылшын ғалымы Джонатан Трапманның баяндамасы қатысушыларды бей-жай қалдырмады.+

Конференция барысында Қожа Ахмет Ясауи мұраларының түркi халықтары тарихы мен әлемдiк өркениеттегi орны, зерттелу мәселелерi, өмiрi мен шығармашылығы зерделенсе, отандық мұражай саласындағы кейбiр көкейкестi мәселелер де ортаға салынды.

Жиын соңында Қожа Ахмет Ясауи мұраларының дамуына сүбелi үлес қосып жүрген ғалым-зерттеушiлер марапатталып, оларға сертификаттар табыс етiлдi.