$ 449.58  486.94  4.86

Ясауи жылы: атқарылған жұмыс жүйелi

Биыл Қожа Ахмет Ясауидiң дүниеден озғанына 850 жыл толуы ЮНЕСКО деңгейiнде аталып өтiп жатқаны белгiлi. Осы тұрғыда жүргiзiлiп жатқан және алдағы уақытта атқарылар игi жұмыстар жайында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi Өкiлеттiк кеңесiнiң төрағасы, профессор Мұса Йылдыз журналистерге баяндады.

– ЮНЕСКО 2016 жылды «Ясауи жылы» деп жариялады. Осыған орай биыл 8 халықаралық симпозиум өткiзiледi деп белгiленген болса, бүгiнге дейiн оның бесеуi жоғары деңгейде өттi. Ендiгi уақытта қалған үш iргелi жиынды абыроймен атқару мiндетi тұр. 6-7 қазанда Анкарада Түркi елдерi тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арналған үлкен халықаралық басқосу болатынын да айта кеткiм келедi, – дедi М.Йылдыз. Сонымен қатар ол Ясауидiң «Диуани хикмет» шығармасының толық нұсқасы түрiк және шағатай тiлдерiне аударылғанын да атап өттi.

М.Йылдыздың айтуына қарағанда, «Диуани хикметтiң» зағиптар мен есту қабiлеттерi төмен азаматтар түсiне алатындай етiп дайындалған нұсқасы да басылып шығыпты.

«12-15 қазанда Алматыда тұңғыш рет Ясауи жылына арналған Афро-Еуразиялық халықаралық конференция өтедi. Бұл өзге жұрттың Ясауидi жан-жақты тани түсуiне мол мүмкiндiктер бередi деп ойлаймын» деген М.Йылдыз барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мерекесiмен шын жүректен құттықтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары