Шымкент қаласы Бәйдiбек би даңғылының бойынан ауыл шаруашылығы өнiмдерi тиелген жүк автокөлiктерiнiң керуенi Алматы қаласына қарай жолға шықты. Өйткенi, Алматыда Оңтүстiк Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы көрмесi өтедi.
Жыл сайын ұйымдастырылатын осынау игi шара – Оңтүстiктiң Алматы жұртшылығына тартатын сыйы. Күнгейдiң шаруалары күзгi жиын-терiм уақытында алматылықтар мен астаналықтарға осылайша сый жасап отырады. Бұл жолғы игi дәстүр Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арналды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқарамасы басшысының орынбасары Т.Оспановтың айтуынша, жәрмеңке Алматы қаласы мен Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң арасында түзiлген меморандумға сәйкес ұйымдастырылуда. Басқарма өкiлi өз сөзiнде жәрмеңкеге сапалы, экологиялық жағынан табиғи таза 320 тонна ауыл шаруашылығы өнiмi жiберiлгенiн тiлге тиек еттi. Өнiмдердiң жалпы бағасы 125,7 млн. теңгенi құрайды.
Басқарма басшысының орынбасары облыстың агросалада жеткен биылғы жетiстiктерiне тоқталды. Инвестициялық салым 2016 жылдың 8 айында 3,4 млрд. теңгеден асып, өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 1,2 млрд. теңгеге артқан. Судың тапшылығына, шегiрткенiң егiстiктердi бүлдiрiп кеткенiне қарамастан, биыл оңтүстiкқазақстандық диқандар мол өнiмге қол жеткiздi. Шаруалардың қажырлы еңбегi, мемлекеттiң қолдауы және агротехникалық талаптар сақталуының арқасында осындай жоғары көрсеткiш орын алып отыр.
Сонымен, Алматы қаласына бiздiң облыстан 60 тонна ет, 106 тонна көкөнiс, 29 тонна жемiс-жидек, 7 тонна сүт өнiмдерi, 5 тонна шұбат, 25 мың дана жұмыртқа, 45 тонна бақша өнiмдерi, 5 тонна балық, 5 тонна кептiрiлген жемiс және 15 тонна басқа да өнiмдер жөнелтiлдi. Аталған ауыл шаруашылығы тауарлары қала тұрғындарына базардағы нарық бағасынан 10-15 пайыз арзан бағада сатылады.