$ 443.35  475.54  4.82

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген сәбилердің басым көпшілігі ОҚО еншісінде

Еліміз Тәуелсіздік алған ширек ғасырда 7 миллионнан астам нәресте дүние есігін ашты. Олардың басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматының үлесінде.

Ресми деректерге сүйенсек, жылына шамамен 300 мыңнан астам ана сәбилі болады. Бала туу көрсеткіші соңғы жылдары артып келеді. Бұдан 25 жыл бұрын әйелдердің босануының өзі мұң болатын. Өйткені бар жағдайы жасалған перзентхана мен мамандар некен-саяқ еді. Ал шалғайдағы ауыл-аймақтан жүкті ананы орталыққа жеткізу қияметке айналды. Алайда, санаулы уақыт ішінде еңсесін тіктеген еліміз денсаулық сақтау саласына, оның ішінде ана мен бала денсаулығына зор көңіл бөліп, осынау кемшіліктердің орны жойылды. Қазір облыс, аудан орталықтарындағы перзентханалар заманауи қондырғылармен жабдықталып, шалғай ауылдардағы жас аналар үшін су жаңа көліктер сатып алынды.

Мамандардың айтуынша, кейінгі кезде ай-күніне жетпей босанып қалатын аналар саны көбейген. Жылына шамамен 300 мың әйел дүниеге бала әкелсе, туыттың 10-12 пайызы мерзімінен бұрын болып жатады. Осыдан 10 жыл бұрын шала туылған шақалақтың өмірін сақтап қалуға медицина қауқарсыз еді. Саланың дамып, білікті дәрігерлер мен жаңа технологияның көбеюі нәтижесінде шала туылғандардың 90 пайызы сау-саламат жетіліп , қатарға қосылып жүр.

Гүлнар Мырзабаева, гинеколог:

- Бірақ, сол қиын жағдайға қарамай 1991 жылы Президент Алматыдағы аурухананы біздің институтқа берді. Сол интситут берілгеннен кейін біздің еңсеміз көтеріліп, жақсы жұмыс істей бастадық. Одан кейін мемлекеттің жағдайы жақсара бастағаннан кейін медицина саласына көңіл бөліне бастады. Басқа республикадағылардай емес, бізде екі орталық бар. Бірі Алматыда, екіншісі Астанада. Әйелдерге жоғары қызмет көрсете алатын.

Орталықтардың ашылуы - ана мен бала өлімінің азаюына септігін тигізді. Оған қоса, бала көтере алмай жүрген аналардың перзент сүю мүмкіндігі пайда болды. Жылына шамамен мыңға жуық сәби жасанды ұрықтандыру жолымен дүние есігін ашады. Ұрпақ сүю бақытын сыйлаған эко әдісі демографияға дем берудің тың бағыты болғаны сөзсіз. Статистикаға сүйенсек, тәуелсіздік алғалы бері 7 миллионнан астам сәби дүниеге келген. Оның 3 миллион 597 820-сы қыз бала, ал 3 миллион 775 мың 851-і ұл. Осы жылдар ішінде бала туу көрсеткіші бойынша, Оңтүстік, Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының қосқан үлесі зор.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары