Қазақстанда 4 миллионнан астам әйел өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарында.
Олардың 30 пайызы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржылық, 40 пайызы қаржылық емес қолдау көріп отыр. Себебі, біздің елімізде әйелдер кәсіпкерлігі ерекше маңызға ие. Шағын және орта бизнестің дөңгелегін дөңгелетіп жүрген қыз-келіншектердің арасында энергетика саласының тыңына түрен салуға кіріскен кәсіпкер, Astels ЖШС-ның бас директоры Назгүл Мақжан бар. Іскер әйел отандық өнім өндіруде қандай қадамға барды, оның бизнес-бастамасының жаңашылдығы неде? Осы тектес сауалдарға жауап алу үшін бас директормен сұхбаттасып қайттық.
– Бұдан 4-5 жыл бұрын энергетика саласына қатысты кәсіпке бет бұру туралы ой келді. Алайда дәл осы саланың маманы болмағандықтан, тартыншақтай бердік. Жылдар бойы үміт пен күдік тайталасып жүрді. Бірде Оңтүстік Кореяның азаматтарымен бас қостық. Олар бірлескен жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Іс осылай басталды. Басында барлық қызметті бас менеджер атқарды. Кейін маған бизнесті өз қолыма алу қажет болды. Ең әуелі біз нарықты зерттедік. Ұсыныс пен сұранысты сараладық. Сөйтіп, осы бағыттағы әлемдік көшбасшы мемлекеттер мен Қазақстан арасында делдал болу туралы шешім қабылдадық. Нәтижесінде, Оңтүстік кореялық LSIS компаниясы бізге Қазақстан аумағында өкіл болу құқығын берді.1974 жылы негізі қаланған шетелдік компания дүниежүзі бойынша электрмен қамтамасыз ету, автоматтандыру және жасыл технология салаларының көшбасшысы болып табылады. Сонымен қатар бұл компания әлемге Smart Grіd жүйесін енгізгендігімен және Ирактың энергожүйесін қалпына келтіргенімен танылған. Қазір LSIS компаниясы Малайзиядағы TNB компаниясының жобасын жүзеге асырып жатыр. Осындай беделді әрі ірі ұйыммен орнатқан әріптестігіміз нәтижелі болатынына сеніміміз зор болды. Дегенмен теңгенің еркін айналымға шығуы, кедендік тексеруден кейінгі тауар бағасының шарықтап кетуі, сатып алу мүмкіндігінің күрт төмендеуі сынды сыртқы факторлар біздің жоспарымызға үлкен өзгеріс енгізді. Біз ел аумағында вакуумды ажыратқыштар өндірісін қолға алу қажеттігін түсіндік. Сөйтіп, Астанада энергетика саласындағы алдыңғы қатарлы технологиялардың талаптарына жауап беретін вакуумды ажыратқыш өндірісін іске қостық. Еліміздің энергетика саласына соны серпін беру үшін бірден кернеуi 10 кВ-тық AVL-1200 атты қазақ брэнді болып табылатын вакуумдық ажыратқыштарды шығаруға кірістік. Оның техникалық мүмкіндігі мен жарамдылығы қазір қолданылып жүрген майлы ажыратқыштардан артық болды. Біздің Қазақстандағы трансформаторлардың майлы ажыратқыштарын вакуумды ажыратқыштарға алмастыру туралы бастамамыз еліміздегі беделді құрылыс, сондай-ақ аймақтық электр желілік компаниялары және Астана электротехникалық зауыты тарапынан кең қолдау тапты. Сәйкесінше, өнімдеріміздің өтімділігі артып, Қарағанды, Павлодар, Екібастұз, Көкшетау, Алматы қалаларының кәсіпорындарынан түскен тапсырыстарды орындай бастадық.Бүгінгі таңда түрлі кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары, құрылыс компаниялары мен трансформаторлық қосалқы стансалар, өңірлік электр желілік компаниялары, мұнай-газ секторы сынды көптеген мекемелер біз өндіріп отырған вакуумдық ажыратқыштардың негізгі тұтынушылары болып отыр.Бізді отандық өнімге деген сұраныс қатты қуантады. Себебі, қаржы сыртқа кетпейді. Өз елімізде, өз жерімізде айналады. Біз өндіруші, олар тұтынушы ретінде отандық экономиканың қарыштауына үлес қосып келеміз. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.Осы уақытқа дейін нарыққа 400-ден астам вакуумдық ажыратқыш шығарылды. Дәл осы ажыратқыштың сапасы өзінің әлемге әйгілі Siemens, ABB, Shnyider секілді баламаларымен бірдей. Бұған қоса, ол барлық халықаралық IEC стандарттарына сай келеді.Ерекше атап көрсетерлігі, біз өндіретін өнімдер қолжетімді. Өйткені құны нарықтағы бағадан 30 пайызға арзан.– Түсіндіріңізші, вакуумды ажыратқыш деген не?– Бұл – жоғары қуатты үлестіру жүйесіндегі коммутациялық құрылғылардың заманауи түрі. Вакуумды ажыратқыштар кем дегенде 25 жыл мінсіз қызмет етеді. Ал майлы және электромагнитті ажыратқыштар қыста – қатады, жазда – қызады. Яғни, кәсіпорын уақыттан да, қаржыдан да ұтылады.Вакуумды ажыратқыштар кенеттен пайда болған жоғары кернеу кезінде қуат көзін қалыпты жағдайда ұстап тұрады және түрлі кернеулерді үйлестіріп отырады. Тозу төзімділігі мықты болуына байланысты вакуумды ажыратқыштар шығындарды да азайтады.– AVL – 1200 вакуумды ажыратқышының баламаларынан қандай артықшылығы бар?– Отандық өнімнің шетелдік вакуумдық ажыратқыштардан бірнеше басымдығы бар. Біріншіден, AVL-1200 вакуумдық ажыратқышының қосалқы бөлшектері Кореядан әкелініп, елімізде құрастырылады. Ал басқа компаниялар шығаратын өнімдер дайын күйінде толығымен шетелден тасымалданады. Сол себепті, олардың бағасы қымбат болады. Екіншіден, AVL-1200 вакуумдық ажыратқышының толымдаушылары ҚР энергетикалық заңына сай жасалады. Ал шетелде жинақталған вакуумдық ажыратқыштар бұл заңнамаға сай келмеуі мүмкін. Бұған қоса, тұтынушы өзімізде өндірілетін вакуумдық ажыратқыштарды қосымша бөлшектермен толымдай алады, бұл тасымалдауға жұмсалатын қаражат пен уақытты үнемдеудің тиімді әрі таптырмас тәсілі болып табылады.Вакуумдық ажыратқыштар қазіргі таңда энергетика саласында жоғары вольтті коммутационды аппаратура ретінде өте маңызды рөл атқарады.Вакуумды ажыратқыштар дыбыссыз жұмыс істейді, жарылу, жану қаупі жоқ. Осындай отандық өнім өндіру арқылы біз еліміздің энергетика саласын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және бюджетке төленетін салық көлемін еселеуге қомақты үлес қосатынымызға сенімдіміз.Келешекте жинақтаудың қазіргіден де жоғары дәрежесіне жете отырып, ұсақ тораптық бөлшектерді өзіміз өндіруді жоспарлап қойдық.Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа енгеннен бері отандық өнімді өткізетін нарықтың аясы кеңейді. Сондықтан біз алдағы уақытта кернеуi 10 кВ автоматтандырылған ауа ажыратқыштарын да өндіруді көздеп отырмыз.– Cіздер мемлекеттің «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жүзеге асуына үлес қосып отырған боларсыздар...– Әрине, онсыз болмайды ғой. Білікті кадр табыстың еселенуіне, нәтиженің артуына себепші болады. Сондықтан біз қызметкерлеріміздің әлуметтік жағдайын ерекше назарда ұстаймыз. Олардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкін болған жағдайдың барлығын жасаймыз. Мамандарды өзіміз іздеп жүріп, қызметке іріктеп аламыз. Таяуда бос орындар жәрмеңкесіне бардық. Сол жерден өзімізге қажетті адамдарды таптық. Олардың алды қызметтеріне кірісіп кетті, кейінгілері құжаттарын рәсімдеп жатыр.Қазіргі таңда компаниямыздың штатында ондаған адам еңбек етіп жатыр. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Кореяға барып, кәсіби біліктіліктерін шыңдап келді. Келесі айда тағы 2 қызметкерімізді шетелге оқуға аттандырайын деп отырмыз.– Елімізде жеке кәсіппен айналысып жатқан қыз-келіншектерге мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетілетінін жақсы білесіз. «Жеңілдіктерге» жүгініп көрдіңіз бе?– Әзірше, мемлекеттен қолдау сұраған жоқпыз. Барлық істі өз қаражатымызбен атқарып отырмыз. Өндірістік қуатымыздың артуына байланысты болашақта сіз сөз етіп отырған «жеңілдіктерге» жүгінуіміз мүмкін.– Жеке кәсіпкер ретінде қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп жүрсіз?– Басқа салалардағыдай бұл жерде бізге де Кедендік одақ мәселе туғызады.2012 жылға дейін еркін қойма ашып, толымдаушыларды нөлдік мөлшерлеме бойынша кедендік рәсімдеуден өткізуге болатын. Қазір мұндай мүмкіндік жоқ. Біз шеңбермен шектеуліміз, қосарланған салық, сертификатты алу үшін де ресейліктерге жүгінуге міндеттіміз. Сондықтан тек қана біздің компанияның ғана емес, басқа да отандық компаниялардың дамуы үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет деп ойлаймыз.– Энергетика саласы әйел адамдарға таңсық дүние ғой, дәл осы салада бизнес жүргізуге қорыққан жоқсыз ба?– Меніңше, «әйел адамға таңсық дүние ғой» деген пікір қасаң қағида. Ер адамның ақыл-ойы мен мүмкіндігі жеткен кез келген іске әйел адамның да қабілет-қарымы жетеді. Ең бастысы, бизнеске ниет пен ізденіс қажет. Сонымен қатар қаржыны басқаруда, нарықты игеруде, маркетинг пен сату ісінде, кадр таңдауда, стратегиялық жоспарлауда, тәуекелдерге баруда сауатты болу керек. Осыларды меңгермеген ер адам да шалқып тұрған шаруаны шатқаяқтатып жіберуі мүмкін. Ал қоғам әйелдер құрылыс, транспорт, шикізат өнеркәсібі, мұнай-газ және энергетика салаларын игере алмайды деген ұғымнан ажырауы тиіс деп ойлаймын. Себебі, бұл өткен заманның түсінігі.Мемлекет басшысының: «Кез келген елдің болашағы әйелдердің қоғамдағы орнына байланысты болады. Біз бұған үлкен мән береміз» деп айтқаны бар. Бүгінде Қазақстан қоғамында әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың түрлі салаларында ерлермен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктіліктері мен іскерліктерін танытып келеді. Себебі, әйелдер қажет кезде керекті сөзді, әдісті, амалды тез таба біледі. Олар түсінікті тілде сөйлеседі және барынша жауапты, жинақы, тәртіпшіл бола біледі.
– Әңгімеңізге рақмет. Кәсібіңіз өрлеп, табысыңыз еселене берсін!
СұхбаттасқанҚанат МАХАМБЕТ, Айқын.