31.07.2014, 06:30

Шығыс Қазақстан Аустриядан инвестициялар тартуға ниетті

Сурет: dom.ria.com

Жақында Қазақстанның Аустриядағы елшілігі мен құрметті консулы доктор Г.Небельдің ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Штирия федералдық жеріне (Аустрия) танысу сапары болып өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Б.Сапарбаев пен Штирия үкіметі басшысының орынбасары Христиан Бухманның арасында болған кездесу барысында ШҚО мен Штирияның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы толыққанды пікір алмасу өтіп, ынтымақтастықтың әр-алуан салаларында өңіраралық өзара іс-әрекеттің көкжиектері талқыланды.

Соның ішінде, экономика жүйелерінің ұқсастығы (автокөлік жасау, металлургия, туризм, энергияның балама көздері, экология, мәдениет, медицина және ауыл шаруашылығы) және екі өңірдің ғылыми-зерттеу орталықтарының жүйелері өзара тиімді байланыстарды орнатудың негізі бола алатыны атап өтілді.

Штирияның экономика палатасы, бизнесті шетелге тарту орталығы және өнеркәсіп бірлестігінің басшыларымен кездесу барысында Б. Сапарбаев ШҚО экономикасына Штириядан инвестицияларды кең тартуға және озық технологияларды енгізуге мүдделі екендігін атап өтті. Экономиканың нақты салаларында ынтымақтастық орнату мақсатында жақын арада тараптардың мамандар делегацияларымен алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.