ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Астанадағы EXPO-2017 кешеніндегі декоративті көпірдің құлауына не себеп болғанын айтып берді деп жазады Tengrinews.kz.
"Бұған дейін металдың сапасыз болғаны айтылған еді. Алайда, олай емес, металл сапалы. Дәнекерлеушілер өз жұмыстарын дұрыс жүргізбеген", - деп атап өтті Қ.Қасымов журналистерге берген жауабында.
Естеріңізге салайық, ЭКСПО кешенінің аумағындағы көпір былтыр 16 қараша күні қирап қалған болатын. Оның ұзындығы 96 метрді құраса, салмағы - 240 тонна. Абырой болғанда, адамдар шығыны болған жоқ.
Аталған нысанның құрылысын BI Group компаниясы жүргізген. Компания өкілдері қирандыны қалпына келтіру жұмыстарын өз қаражатына және 1 ай көлемінде жүргізетінін мәлімдеді.