10.04.2017, 10:12

Қостанайлық мұғалім ЭКСПО билеттерінің мәжбүрлі түрде сатылғанын айтып шағымданды

Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы мектептердің бірінде ЭКСПО-2017 билеттерін басшылық мұғалімдерге мәжбүрлеп алғызып жатыр. Назерке Мақашева есімді мұғалім осындай шағымын аудан әкімі Абай Ибраевтың блогына жазып қалдырған.

"Саламатсыз ба, Абай Сәрсембайұлы! Білім беру саласының қызметкерлері не үшін ЭКСПО-2017 көрмесінің билеттерін 100% бағасымен сатып алулары керек? Біз ол көрмеге барғалы да жатқан жоқпыз. Жауабыңызға алдын ала рахмет", - делінген педагогтың жазбасында.

"Наша газета" порталының тілшілеріне берген сұхбатында Назерке Мақашева аудандық білім бөлімі мектеп мұғалімдеріне ЭКСПО билеттерін мәжбүрлеп алғызып жатқанын айтқан. Оның сөзінше бір билеттің құны 4000-8000 теңге аралығында.

Жітіөара ауданының әкімі Абай Ибраев болса ешқандай мәжбүрлеудің жоқ екенін айтып отыр. Билеттер мұғалімдерге тек ұсынылған дейді ол. Алу-алмау әркімнің өз еркінде.

"Біз тек ұсынып отырмыз, іс-шараның артықшылықтары туралы түсіндіріп жатырмыз. ЭКСПО-2017 үлкен мәдени бағдарламаны ұсынып отыр. Ал, оған билетті ешкімге мәжбүрлеп сатқанымыз жоқ", - дейді аудан әкімі.

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының өкілдері болса аймақтардан барлығы 30-дай шағымның түскенін айтуда.