ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев ЭКСПО-2017 кешенінің үстінен рұқсатсыз дрон ұшыруға тыйым салынғанын мәлімдеді.
"ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде көрме аумағында ұшыуға тыйым салынатын аймақтар белгіленеді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын рұқсатсыз пайдалануға тыйым салынады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұшыру үшін құзырлы органдардан (Мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК, Азаматтық авиация комитеті) рұқсат алу керек және аппаратты тек жоспар аясында ғана пайдалану қажет", – деп жазды Сәдубаев өзінің Facebook-парақшасында.
Бұл талапты сақтамағандар ҚР Әкімшілік кодекстің 563-бабы (ҚР әуе кеңістігін пайдалану ережесін бұзу) бойынша жауапкершілікке тартылады.
Осыған байланысты, Алмас Сәдубаев қала тұрғындары мен қонақтарынан, журналистер мен блогерлерден ережені барынша сақтауға шақырып отыр.