$ 449.58  486.94  4.86

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Астанада «Premium Korea» павильоны таныстырылды (ФОТО)

Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Оңтүстік Кореяның 100-ге жуық компаниясы «Premium Korea» павильонын жергілікті тұрғындар мен қонақтарға таныстырды. Көрмеге негізінен косметикалық өнімдер мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар қойылды.

Оңтүстіккореялық ірі компаниялардың өнімдерін тек тамашалауға емес, сатып алуға да болады. Павильон MEGA SILK WAY ойын-сауық орталығында 23 шілдеге дейін өз келушілеріне есігін айқара ашпақ. Мұнда парфюм мен косметикалық өнімдердің сан-алуан түрі, ұялы телефондар мен аксессуарлардың жаңа үлгілерімен танысып, кәріс халқының ұлттық тағамдарынан дәм татуға болады.

Қазақстандағы Оңтүстік Корея консулдығының баспасөз хатшысы Канг Санёптің айтуынша, Астанаға келген корей делегациясы тек өз өнімдерін ұсынып қана қоймай, қазақстандық компаниялармен әріптестік орнатуды да көздеп отыр екен. Сол мақсатта екі күн бойы (11-12 маусым) аталған елдің тамақ өнеркәсібі мен косметика өндірісі саласындағы 28 компаниясы қазақ кәсіпкерлері үшін «ашық есік» күнін өткізбекші.

Оңтүстік Кореяның кәсіпкерлері Қазақстанның шағын және орта бизнес өкілдерімен тығыз байланыс орнатуға аса қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Олар біздің елге өз өнімдерін делдалдарсыз тікелей жеткізудің мүмкіндіктерін қарастыратынын айтып отыр.

«Қазақстан табиғи қазбаларға бай мемлекет және Еуразияның логистикалық, қаржы орталығына айналуға ұмтылып келеді. Қазақ-корей елдерінің дипломатиялық байланысы сонау 1992 жылдан бастау алады. Сол уақыттан бері қос мемлекет саясат, экономика, мәдениет секілді маңызды салаларда байланысын арттыра түсті. Екі ел арасындағы тауар айналымы бүгінде 650 млн долларды құрайды. Бұл тым аз көрсеткіш. Дегенмен, соңғы бір жылда екі ел арасындағы импорт пен экспорттың көлемі үш есеге артты, бұл өсім бұан әрі де жалғаса беретініне сенімдімін», - дейді павильонның ашылуына келген KOTRA компаниясының президенті Ким Дже Хон.

Айта кетейік, Астанада 10 маусымда басталған ЭКСПО-2017 көрмесі биыл қыркүйек айының 10-на дейін жалғасады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары