$ 498.34  519.72  4.85

Астанада Бейбітшілік және келісім аллеясы пайда болды

Елорданың ЭКСПО саябағында Астана-Балет театрының жанында Қазақстан халқы ассамблеясының бейбітшілік және келісім саяжолы пайда болды. Жаңа мәдени нысанның салтанатты ашылуы ассамблеяның «Бейбітшілік және келісім энергиясы» шарасы аясында өтті.

Саяжолдың ашылуына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, ҚХА Секретариатының жетекшісі-төрағасы Д.Мыңбай, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ассамблея мүшелері, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің өкілдері, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келген шетелдік қонақтар, дипломатиялық корпустың, мемлекеттік органдардың, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, зиялы қауым, халық қолөнер шеберлері қатысты.

- Қазір біз ЭКСПО-2017 аумағында Қазақстан халқы ассамблеясының әлемдегі ең таза энергия тарататын келісім мен бейбітшілік аллеясын ашып жатырмыз. Бұл аллеяда серуендеген әрбір адам қазақстандық қонақжайлылықты, жылулықты, мейірімділікті өзімен бірге ала кетсін деп тілеймін, - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова.

Салтанатты ашылу рәсімінде этно-мәдени бірлестіктердің және Астана қаласының шығармашыл жастарының қатысуымен театрландырылған керемет қойылым көрсетілді. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі алаңында «Шеберлер ауылы» атты қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Сондай-ақ Қазақстан эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті. Шара шымылдығын жастардың «Алға, Қазақстан!» флешмобы жапты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары