Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде күн сайын 5 мыңнан астам ішкі істер органдарының қызметкері кезекшілікке шықса, соның 2 мыңнан астамы көрме аумағында қызмет атқарады.
Көрме аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы, сондай-ақ, Полиция бөлімі және Өрт сөндіру депосы жұмыс істейді.
Көрме кешеніне кіретін қақпаларда тексеріп өткізу жүйесі барынша күшейтілген. Рентген-телевизиялық қондырғылардың, металлдетектор және жарылғыш заттарды анықтайтын детекторлардың көмегімен тексеріп-қарау жүргізіледі.
"ЭКСПО нысандарының арнайы комиссиясы жарылғыш заттарды, радиоактивті, химиялық және басқа да компоненттерді анықтау мақсатында күн сайын тексеру жүргізіп отырады. Кинологтар жарылғыш заттарды іздеуге үйретілген қызметтік иттермен көрменің автотұрақтар аумағы мен кіретін есіктерін тексереді. Мобилді тексеріс кешені көмегімен көрме аумағына кіргізілетін тауарлар мен жүктер мұқият тексеріледі" - дейді мамандар.
Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшатын тіркелмеген ұшу аппараттарының көрме аумағында ұшуына жол бермес үшін 3 шақырым радустегі аумаққа және 3000 метр биіктікке шектеу қойған болатын.
Ұшқышсыз ұшатын ұшу аппараттарын басқаратын сингалдарды бөгеуге радиоэлектронды қолдырғылар пайдаланылады. Бұл топ әуені құрылғы арқылы қадағалайтын полицияның жедел тобымен бірге жұмыс істейді. Әуені қадағалау құрылғылары көрменің аумағына және оған жақын көшелерге де орнатылған.
"Елордадағы әрбір мәдени-көпшілік, спорттық және қоғамдық-саяси іс-шаралар ІІМ-нің қатаң қадағалауында. Шаралар қауіпсіз өткізілу үшін тиісті күш пен құралдар бөлініп, арнайы мониторинг жүргізіледі. Көрме ашылған уақыттан бері оның аумағында 100 шақты мәдени-көпшілік іс-шара өткізілді" - деп толықтырды мамандар.
ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде қаладағы қонақ үйлер мен қонақ жайлардағы қоғамдық тәртіп күзетіне 110 полиция қызметкері бөлінген. Олардың саны елордаға келген қонақтардың мөлшеріне байланысты толықтырылып отырады.