2 шілдеде «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің қонақтарына жағдай жасау мақсатында «Эйр Астана» әуе компаниясы орындайтын Астана–Дели бағыты бойынша жаңа халықаралық рейс ашылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті.
Қазақстан мен Үндістан астаналарын байланыстыратын рейс аптасына 3 рет, дүйсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері ұшады.
«Қазақстанның халықаралық транзиттік хабқа айналуы маңызды қадамдардың бірі. Жаңа халықаралық рейс Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін еліміз арқылы өтетін транзиттік жолаушылар ағынын 4 есеге дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр. Соңғы 7 жылда транзиттік әуе жолаушылар ағыны 20 есеге артты. Перспективалы бағыттардың бірі – Үндістаннан Қазақстан арқылы ТМД елдеріне бағытталған транзиттік жолаушылар маршруты. Екі ел астанасы арасын жалғайтын рейс 2004 жылдан бері «Эйр Астана» әуе компаниясы орындап келе жатқан Алматы – Дели – Алматы рейсін толықтыратын тиімді жоба. Сондай-ақ, аталмыш рейс Халықаралық Астана қаржы орталығы жұмысының ілгерілеуіне септігін тигізеді деп күтеміз», - деп жазды министр ресми парақшасында.
Халықаралық рейсті ашу үшін ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Үндістанның авиациялық билігі бірлесіп жұмыс атқарғанын айта кету керек.
Еске салайық, бұған дейін дәл осы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Қазақстаннан өзге шетелдерге қатынайтын бірнеше әуе және темір жол бағыттары ашылған болатын. Атап айтқанда, биылдан бастап Астана-Тбилиси, Астана-Хельсинки бағытында әуе рейстері іске қосылса, Астанадан Самарқанға қатынайтын пойыз да алғашқы сапарын жасап үлгерді.
Халықаралық көрме қарсаңында Астанада жаңа темір жол вокзалы мен әуежай терминалының салынғанын да айта кету керек.