«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Словакия павильоны заманауи үлгіде жасалған «эко-үйді» көпшіліктің назарына ұсынды. Мұнда адамға қажетті дүниелердің барлығын табасыз. Тіпті, жаңа үй күннен қуат алып, жаңбыр суын тазартады, деп жазады Baq.kz.
Словакия әлемнің 115 мемлекет қатысып жатқан көрмеге замануи үлгіде жасалған, баламалы энергия көздерінен қуат аталатын «эко-үйді» алып келген. Оны машинаның артына тіркеуге де болады. «Эко-үйдің» ішінде адамға қажеттінің бәрін таба аласыз.
«Үйдің төбесінде күн панельдері орнатылған. Ол сол арқылы қуат алады. Ал жаңбыр суы белгілі бір орында сақталады. Арнайы құрал жиналған суды тазартады. Мұнда тамақ істеуге болады. Сондай-ақ, эко-үйде туалет, душ, ыңғайлы төсек және теледидар да бар. Эко-үйдің салмағы – 1 200 келі. Егер оны сумен толтырсаңыз салмағы 1 900 келіге дейін жетеді», - деді павильон қызметкері Людмила Затоптова.
Бір өкініштісі мұндай заманауи үлгіде жасалған эко-үйді кез-келген азаматтың қалтасы көтере бермейтені анық. Себебі, оның бағасы – 76 млн еуро екен. Мұндай бағаға сіз Астанадан 2 бөлмелі, ал егер жақсылап іздесеңіз 3 бөлмелі пәтер ала аласыз. Осы орайда Людмила Затоптова үйдің бағасы неге тым қымбат екендігін түсіндірді.
«Бұл үйдің құны 76 мың еуро. Рас, бағасы адамды шошытарлықтай. Бірақ, мұны да түсінуге болады. Эко-үйді жасауға арзан материалдар қолданылған жоқ. Сондықтан үйдің бағасы қымбат болуы мүмкін. Менің ойымша, баға әртүрлі нарыққа арналған. Мысалы, жоғарыдағы көрсетілген бағаға сіз Братиславаның орталығынан (Словакияның астанасы – автор) 1 бөлмелі пәтер салып ала аласыз. Ал бұл баға немістер, аустриялықтар үшін ақылға қонымды. Өйткені, ол жақта жалақы жоғары. Олар жобаға қызығушылық танытуда», - деді ол.
Ал Словакия павильонының директоры Моника София Сорочинова бұл ерекше үй азаматтарға жаңа энергияны қалай қолдануға болатындығын үйретеді деген пікірде.
«Эко-үйді Астанаға алып келу идеясын жоба авторлары ұсынды. Себебі, халықаралық көрменің тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Ал бұл капсула жаңа энергияны қалай қолдануға болатындығын көрсетеді», - деп түйіндеді сөзін директор.