$ 498.34  519.72  4.85

Египет делегациясы ЭКСПО-2017 көрмесіне «Ежелгі Мысыр ескерткіштерін» алып келді

Бүгін Ұлттық музейде Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» атты көрме ашылды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова алғы сөзінде қонақтарды игі бастамамен құттықтай келе, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау сәлемін жеткізді.

«Мысыр тарихы – көне тарих. Көне тарихпен көмкерілген көрменің ашылу салтанаты құтты болсын! Бұл көрме Мысыр тарихын кезең-кезеңімен таныстыратын экспонаттардан құралған. Мұндағы тарихи туындылар арқылы өткен дәуірден мол мағлұмат алуға болады. Көрмедегі экспонаттар ежелгі дәуір адамдарының таным-түсінігін, мәдениетін, сол дәуірдегі қолөнер шеберлері туралы мол мәлімет береді. ҚР Ұлттық музейінде осы айда бірнеше халықаралық көрмелер өткізілді. Мұндай көрмелер халықтың таным көкжиегін кеңейтуге септігін тигізеді деп ойлаймын».

Көрмеге Тутанхамон топтамасы заттарының жартылай асыл тастармен әшекейленген фараонның алтын жалатылған ағаш күймесі, жартылай асыл тастармен әшекейленген алтын жалатылған ағаш тағы, сыртқы саркофагы, садақаларымен қыз мүсіні және жартылай асыл тастармен әшекейленген алтын жаға қойылған. Сонымен қатар, Мысырдың бай тарихы династиялыққа дейінгі кезеңнен бастап орта ғасырға дейінгі аралықтағы әртүрлі тарихи кезеңдердің бұйымдары мен жәдігерлері көрініс тапқан.

Мысыр Араб Республикасының Туризм министрлігі Халықаралық қатынастар бойынша бірінші вице-министрі Ахмет Шукри:

«Бұл көрме – Қазақстан мен Мысыр елінің бірлесе отырып жасаған үлкен шарасы. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың нәтижесінде қос халықтың өзара сыйластығы арта түседі деп сенемін. Болашақта халықтар достығы үлкен табысқа жеткізетіні сөзсіз. Бүгінгі көрме де осының нәтижесі», – деп өз пікірін білдірді.

Көрмеде династиялыққа дейінгі кезең Ежелгі Мысырдағы иероглиф жазуының пайда болуының үлгісі саналатын фараон Нармердің Палеткасымен таныстырылады.

Одан кейінгі ежелгі патшалық кезең мысырлық кеңсе хатшысының мүсіні, бедерлі суреттері бар Хесир тақтайшалары және Гор (Аспан) құдайын кейіптейтін қаршығаның басы арқылы таныстырылады.

Орта патшалық кезеңі оның билігі кезінде Мысыр шекарасы әлдеқайда кеңейген 12 династияның ата-бабасы саналатын Сенусерт 1 фараонның боялған ағаш мүсіні арқылы көрсетіледі.

Грек-рим кезеңі римдік әйел басының мүсіні арқылы, ал копт кезеңі осы кезеңге тән икон жазумен және портреттік сурет өнері арқылы таныстырылады.

Әсем жазулармен безендірілген шырағдан және гүл өрнектерімен безендірілген фарфор табақ жәдігерлері Ислам кезеңін көрсетеді.

Көрменің ашылу салтанаты барысында Мысыр фольклорын биімен де, музыкасымен де шетелдерде таныстырып жүрген «Реда» тұңғыш халық биі ансамблі өнер көрсетті.

Көрме 3 тамызға дейін жалғасатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары