$ 498.34  519.72  4.85

Алатаудың етегінде II халықаралық «Ұлы дала рухы» этнофестивалі өтті (ФОТО)

Алматыда «Ұлы дала рухы» деген атаумен екі күндік этникалық фестиваль өз жалауын көтерді. Оған қатысу үшін «оңтүстік Астанаға» 12 елден делегаттар келді.

«Ұлы дала рухы» халықаралық фестивалі – қазақ халқының мәдениеті мен рухани құндылықтарын және тарихын шетелдіктерге насихаттайтын бірегей жоба.

Этноауылға келгендер кәсіби бүркітшілердің, шабандоздар мен көкпаршылардың, садақшылардың, батырлардың шеберліктеріне тәнті болып, ұлттық ойындарға қатысып, ұлттық ас мәзірінен дәм татты. «Ұлы дала рухы» фестиваліне келгендердің барлығы қазақтардың және басқа да түркі халықтарының бай мұрасымен танысты.

Фестивалге келушілер екі күн ішінде көшпенділердің өміріне еніп, олардың ежелгі тұрмысымен, тарихи салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен танысып, қазақтардың көне тұрмыс-тіршілігінен хабардар болды,ертедегі қолөнершілердің құпияларын біліп, шеберлік сыныптарынан дәріс алып, кизібен, терімен, күміспен, балшықпен жұмыс істеудің көне технологиясын меңгерді.

Жоба авторларының бірі – Базарбек Атығай. Ол бұған дейін қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттайтын ірі іс-шаралардың сценариін жазған.

«Былтыр осы фестиваль Талғар ауданында өткен болатын. Ол кезде сценариді мен жаздым. Сәтті өтті деп ойлаймын, сондықтан биылғы жобаны ұйымдастыруға тағы да мені шақырды. Бұл жолы фестивальді Бостандық ауданында өткізуді жөн санадық, өйткені, бұл киелі жерлердің бірі. Бұл жерде 47 көне сақ қорғаны бар. Қазақта «ас беру» деген рәсімнің бар екені өздеріңізге белгілі. Яғни, дүниеден өткен бабаларымыздың рухына арнап құран бағышталады, дүйім жұртқа ас беріледі. Оны бұрында дәл осындай кие қонған орындарда беретін болған. Біз тұрған осынау жерде Қазақ хандары жерленген, яғни біз ұлы бабаларымыздың рухына ас беріп отырмыз, ұлтымыздың құндылықтарын жаңғыртып отырмыз. Фестивальдің атауын «Ұлы дала рухы» деп алуымыз да содан. Былтырмен салыстырғанда, биылғы фестивальдің ауқымы өте үлкен. Бүкіл аумақты бірнеше бөлікке бөліп, түрлі мәдениетті көрме ретінде ұсындық. Атап айтқанда, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, өнерпаздарға арналған сахна, спорт алаңшасы, атта өнер көрсететіндерге арналған алаң – бәріне орын қарастырылған», - дейді Базарбек Атығай.

Фестивальге келген қонақтар киіз үйде болып, ұлттық тағамдардың дәмін татты, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әдетте осы тектес шараларда декоративті киіз үйлер тігіледі екен. Олар темірден жасалған, салмақтары тоннаға дейін жетеді. Ал, бұл жолы кәдімгі ағаш керегелер мен уықтан, шаңырақтан тұратын көшпенділердің киіз үйлері тігіліп отыр. Олардың әрқайсысының салмағы 300-400 кг. Бұл үйлерге шетелдік қонақтар да кіріп, көшпенділер мәдениетін көзбен көрді.

«Бұл өте керемет фестиваль екен. Біз мұнда қатысу үшін, нақтысын айтқанда садақтан ату өнерін көрсету үшін келдік. Бізді өте жақсы қарсы алды, өте жақсы сезімдеміз. Фестивальде өз киіз үйіміз бар, ал қалада қонақ үйге жайғастық. Елдеріңізге алғаш келуім, өте ұнады, алдағы уақытта Қазақстанға қайта оралатыныма сенімдімін. Мен тұратын Словакияда садақпен ату өнері соншалықты қызығушылыққа ие емес. Сіздерде жақсы бағалайды екен. Үйренер тұсымыз да көп», - дейді Словакиядан Алматыға арнайы келген қонақ Питер Меззей.

Алматыға шақырту алған 12 елдің делегаттары жай қонақ болмай, фестивальде өз өнерлерін паш етуі керек.

«Біз бұл фестивальде ертедегі Болгар әскерлерінің түрлі шайқастарда қолданатын садақтарын, қылыштарын, жігіттік өнерлерін және басқаларын көрсетудеміз. Қазақстанға алғаш келуіміз, өте әдемі ел екен, ең бастысы, сіздер өздеріңіздің ежелгі мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап қалыпсыздар», - деді болгарлық батыр Явур Гынчев.

Айта кетейік, биылғы «Ұлы дала рухы» этнофестивалі Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналып отыр.

Г.Сембиева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары