12.07.2017, 03:07

ЭКСПО-2017 көрмесіне сыйлық ретінде Түркияның өнер жұлдыздары Астанада тегін концерт өткізеді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне сыйлық ретінде Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Қазақстандағы Түркия елшілігінің қолдауымен тегін концерт өткізетін болады. Бұл туралы аталған орталықтың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Қазақстан –Түркия достық әуендері-2» атты концерттік бағдарлама былтыр да Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген болатын. Аталған шараның жалғасы ретінде Түркияның Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты «Түркі әлемі музыкалық ансамблі» және Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік академиялық филармония» оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін концертте әндер шырқалып, күйлер тартылады. Қос оркестрдің тізгіні Австрияда білім алған дирижер, «Алтын таяқша» дирижерлар байқауында Гран-при жүлдесін олжалаған Ернар Нұртазинде болады. Күміс көмей әншілер Чидем Гүрдал мен Джем Гүрдал қазақтың танымал «Дударай», «Қарлығаш» сияқты әндерін қос оркестрдің сүйемелдеуімен шырқайды.

Концертте қазақ және түрік тілдерінде ән орындайтын танымал солисттер Чидем Гүрдал мен Джем Гүрдал шара туралы өз ойларын бөліскен еді. «Біз ЭКСПО-ға арнап екі концерттік бағдарлама дайындадық. Алғашқысы 20 шілдеде Астана концерт залында сағат 19.00-да, екіншісі 21 шілде күні ЭКСПО алаңындағы Түркия ұлттық павильонында сағат 17.00-де болады. Екі тілде шығармалар орындаймыз. Астанаға келіп ЭКСПО-ны аралап, тамашалау үшін тағатсызданып отырмыз. ЭКСПО-ға арнап концерт беру құрметіне ие болғанымыз үшін өзімізді бақытты сезінеміз» деді.

20 шілдеде болатын концертте көрермендерге арнайы лоторея таратылып, Түрік әуе жолдары «Turkish Air» тарапынан берілетін Ыстамбұлға барып қайту билеттері ойнатылады. Түркияға тегін жолдаманы әрбір көрермен ұтып алу мүмкіндігіне ие.