$ 498.51  522.84  4.81

Алматыдағы университетте жасыл технология аумағы іске қосылды

Қазақ университеттерінің қарашаңырағы саналатын Қазақ Ұлттық университетінің жас ғалымдары ЖОО қабырғасында жасыл технология аумағын іске қосып отыр. Мұнда негізінен биогаз энергетикасы, күн мен жел сияқты қуат алудың инновациялық тәсілдері қолданылады. Энергияның баламалы көзі – университет аумағынан өтетін Кереңқұлақ өзені.

Жарты жыл бұрын таудан аққан ағын суды жас ғалымдар кәдеге жаратуды шешкен. Енді бұдан былай көше бойындағы жарықты осы судың көмегімен алу көзделіп отыр. Әрине, бұл бүкіл университетті қамтамасыз етуге жетпейді. Бірақ бірте-бірте генератордың қуаттылығын арттыруға болатын көрінеді. Су қоймасы қолдан жасалған «Аквапоника» экожүйесі арқылы жұмыс істейді. Тағы бір ерекшелігі – су тек табиғи балдыр мен арнайы балықтардың көмегімен тазаланады. Университеттің бұдан бөлек ЭКСПО-ға апаратын бірнеше жобасы бар.

«Мына жерден «Кереңқұлақ» өзені ағып жатыр, жайдан-жай ағып жатыр. Оны қазір осындай турбина жасап, плотина жасап, соның арқасында энергия алып жатырмыз. Күннің энергиясы, желдің энергиясы, айналып келген кезде адамзаттың болашағы осы бағытқа негізділеді. 5-6 жобаны біз дайындап жатырмыз. Біреуі графин, мысалы нанотехнологиялар бойынша энергияны өзгертеді. Одан кейін - сутектік энергетика. Сол бағытта жақсы жобалар бар. Сонымен қатар, энергия үнемдейтін лампалар дайындады», - дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр МҰТАНОВ.

Ғалымдар осылайша Елбасының "100 нақты қадам" Ұлт жоспарындағы тапсырмаларды да өздерінше жүзеге асырмақ. Мәселен, сол 100 қадамның бір емес, бірнеше қадамы (50, 51, 52, 59) еліміздегі энергетика саласын дамытуға, атап айтқанда, баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған. Енді осынау жоба жақын болашақта қолжетімді, әрі қауіпсіз энергия көздерін тек ЖОО үшін емес, қала тұрғындары үшін де өндірмек.

Ал, сағасы ретке келген «Кереңқұлақ» өзенінің жағдайымен қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов танысты. Жуық арада бұл маң тек студенттердің ғана емес, алматылықтардың сүйікті демалыс орнына айналмақ. Онда ғалымдар балық пен өсімдіктің ерекше түрлерін өсіруді қолға алады. Сондай-ақ биыл ғана ашылып, алғаш өнім берген жылыжайды аралап көрді. Ерекшелігі сол, онда әр түрлі өнімдер бірге өсіріледі. Барлық құрылғы бір инновациялық орталықтан басқарылады.

Орталықта мамандар жасыл технологияның көмегімен қалдықтарды биогазға, ал жер астындағы жылудан жылыжайды жылытып жүр. Мәселен, инженер Еркебұлан Марал достарымен бірге көкөніс өсірумен айналысады. Өнімді аэропоника әдісімен өсіреді. Яғни, көкөністі топыраққа екпейді. Бұл тіршілік нәрін 90 пайызға үнемдейді. Және 1,5 айда жемісін береді. Әзірге өнімдерін Алматыдағы 12 мейрамханаға тасиды. Болашақта көкөністің көлемін көбейту жоспар бар. Мемлекет стартап жобаға 6 млн теңге берген.

«Өте энерго эффективті, экологиялық таза өнім алуға болады. Бұл технологияда адами фактор минимальды. Адамның жұмысы - суару жүйесінен бастап басқару жүйесіне дейін. Виртуальды агроном арқылы басқарылады. Wi-fi арқылы басқарылады. Тек ерітіндіні дайындайсыз. Судың шашыруы, температураның ылғалы, жарықтың түсу мөлшері арнайы датчиктермен басқарылады», - дейді инженер Еркебұлан МАРАЛ.

Инновациялық орталықтан шыққан жасыл технология жобаларын ғалымдар патенттеуді көздеп отыр. Жас ғалымдардың өзге жобалары Халықаралық ЭКСПО көрмесіне жеткізілмек. Айта кетейік, айтулы шараның басталуына 3 күн қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары