Бүгінде әлемді алаңдатып отырған мәселе – қоршаған ортаны ластанудан қорғау. Бұл тұрғыда қолға алынып жатқан «жасыл» экономика термині қоғамға сіңісіп те үлгерді. Қай кезеңде болмасын үнемдеу, ысырап етпеу береке бастауы саналады. Бұл ретте ел байлығын еселейміз десек, бірінші кезекте мемлекетіміздің табиғи ресурстарын тиімді пайдаланып, баламалы энергия көздеріне мән беруіміз қажет. Сондықтан да Елбасының басты назарындағы ел экономикасын дамыту жолындағы игі шаралардың бір бағыты «жасыл» экономиканы жолға қою.
Жасыл экономика жаңа ғасырда бәсекеге қабілетті және көшбасшы ел болудың бірегей мүмкіндігі. Сондықтан да, бүгінде көптеген мемлекеттер экономиканың осы бағытына басымдық беруде. Бұл өз кезегінде «жасыл» емес экономиканы» қаржыландырудың қиындығымен, яғни, қоңыр экономиканың жаһандық экономикалық үрдістерден ығыстырыла бастауымен байланысты болып отыр. Ал, Қазақстан осы көште артта қалмауы керек. Өйткені, республикада «жасыл» экономикаға көшудің барлық мүмкіндіктері бар. Бастысы, еліміз табиғи ресурстарға бай.
2013 жылы Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы бекітілген болатын. Осы леппен артынша осынау тұжырымдаманы жүзеге асыру кезеңдері айқын болды. Бұл бастама Елбасының дүйім жұртқа жол тартқан кезекті «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында көрініс тапқаны белгілі. Елдің «жасыл» даму жолына көшуіне негізделген экономиканың орнықты әрі тиімді моделін құрудың нақты бағдарын белгілеп берген стратегияда «жасыл» экономика халықтың өмір сүру деңгейі жоғары болатын, қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесінде және елдің қабылдаған халықаралық экологиялық міндеттемелеріне, ХХІ ғасырға арналған күн тәртібіне сәйкес табиғи ресурстар ұқыпты әрі ұтымды пайдаланылатын экономика ретінде айқындалады. Ал биыл көктемде Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.
2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Жасыл экономика туралы» Заң қолданысқа енгізілді. Осы заңға сәйкес, жылына 1 500 немесе одан да көп тонна баламасында энергия қорларын тұтынушы ұйымдар халықаралық ISO 50001 стандартына сәйкес энергия менеджменті жүйесін енгізуге міндетті.
«Жасыл» экономикаға көшу шарасын 3 кезеңде жүзеге асыру қарастырылғаны белгілі. Бірінші кезең (2013-2020) – бұл елде «жасыл» инфрақұрылымдар құру. Екінші кезең (2020-2030) – жаңғыртылмалы энергетика технологиясын кеңінен енгізу. Үшінші кезең (2030-2050) – ұлттық экономиканың «3-ші өнеркәсіп революциясы» принципіне көшуі, оның негізі – жаңғыртылмалы энергия көздерін пайдалану. Сондай-ақ «жасыл» экономикаға көшу аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жылумен қамту жүйесін толықтай ауыстыру, «таза көлікті» дамыту, энергия менеджерлерін дайындайтын «жасыл» бизнес академиясын ашу және т.б. жоспарланды.
Бұл құжаттың негізгі бағыттары табиғи ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру, оның инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғындардың әлауқатын қоршаған ортаға түсетін салмақты азайта отырып жақсарту, ұлттық қауіпсіздік – оның ішінде су қауіпсіздігін арттыру болып белгіленді. Демек, «жасыл» экономика – бұл жаңаша ойлау, жаңаша өмір салты. Егер дәстүрлі экономика – бұл тауарлар мен қалдықтардың өндірісі болса, «жасыл» экономика қалдықтарды кері өндірістік циклға қайтаруы тиіс. Алайда, республикамыздың өндірістік өңірлері бұл талаптың үдесінен шығып жүр ме? Мұны алпауыт компаниялар қаншалықты жүзеге асырып отыр? Қуат көзін көп шығындамайтын, жанармайды аз жұмсайтын көліктер сатып алынып жатыр ма? Бұл сауалдардың жауабын жергілікті халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігінен аңғаруға болатын сияқты. Себебі, «Жасыл» экономикаға көшу біріншіден, экономикалық дамуға жол ашады және ішкі жалпы өнімнің өсуін, елдің табысының ұлғаюын қамтамасыз етеді. Сол сияқты елдегі жұмыссыздық көрсеткішін азайта отырып, халық үшін жұмыс орындарын ашу көзделеді. Сарапшылардың айтуы бойынша, «жасыл» экономиканың осы заманғы экономикалық жүйелерді тұрақтандыруға, қорларды тиімді қолдану арқылы адамның және табиғаттың арақатынасын теңгеруге мүмкіндігі көп. Кедейшілік деңгейін төмендету, халықтың денсаулығы көрсеткішін арттыру, қоршаған ортаны жақсарту арқылы «жасыл» экономика адам капиталы сапасын көтеріп Қазақстанның XXI ғасырда экономикалық және әлеуметтік тиімділігін, табысын тұрақтандырады және әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсатқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Елімізде «жасыл» экономикаға көшу бойынша ұлттық стратегия әзірленген кезде мамандар жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орынды алатын Қазақстанда аталмыш жобаны жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар екендігін айтқан еді. Іле-шала БҰҰ «РИО+20» дүниежүзілік саммитінде Қазақстан «Жасыл көпір» аймақаралық және ғаламдық энергия-экологиялық стратегиясы туралы ұсыныс айтқан болатын. Қазақстанның бұл бастамасы әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тауып, тіпті осы жиында «жасыл» экономиканың арзан жоба еместігі, оны жүзеге асыру үшін жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 2 пайызын осы салаға жұмсап отыру қажеттігі сөз болды. Себебі көптеген елдерде «жасыл» экономикаға өту кезінде салықтық ынталандыру қарастырылады екен. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, «жасыл» салаға инвестиция ағынын көптеп тарту үшін салықтық ынталандыруды қолдану жағы да ескерілуі заңдылық.
Бүгінде БҰҰ Даму бағдарламасы ЕО-ның қаржылық қолдауы арқылы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитетпен серіктестік негізінде «жасыл» экономика моделіне көшу бойынша «Қазақстанды қолдау» жобасын жүзеге асыруда. Құны 7 млн еуро көлеміндегі бұл бағдарлама бойынша қаржының 70 пайызы нақты қанатқақты жобаларға бағыттала бастады. Оның ішінде 3 млн еуро сомасындағы 4 жобаны жүзеге асыруды биыл бастау жоспарланған. Осы орайда «жасыл» экономика мәселелері аясында Астанада өткен жиында аталған жобаның менеджері Гүлжамал Исаева: «Су үнемдейтін технологияларды енгізу және ауыз су сапасын жақсарту, сондай-ақ ауылдың кәріз жүйесін қайта жаңарту нысанын салуда «жасыл» инфрақұрылым технологиялары пайдаланылады. Бұл өз кезегінде экологиялық тұрғыда қауіпсіз әрі тиімді, техникалық қызмет көрсетуге арнайы жабдықтарды қажет етпейді», – деді.
Мемлекет ауылдық жерлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Ақбұлақ» бағдарламасын қабылдаған болатын. Алайда шалғайдағы елді мекендерге су тарту мәселесі әлі де өзекті. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Мунхтуи Алтангерелдің айтуына қарағанда, Қазақстан жасыл экономиканы дамытудың көлемді аумағы, су ресурстары, бай биокөптүрлілік, қолайлы географиялық орналасу, жыл өткен сайын кеңи түскен тауар өткізу нарығы, әлемдегі ықпалды орны бойынша көптеген артықшылықтарға ие. Осындай шарттарға сай келетін көптеген елдердің бәрінде қажетті адам әлеуеті бола бермейді.
«Үйрен де жирен...»
Адамзат үшін «жасыл» экономикаға көшу міндетті болып отыр. Бүгінде «жасыл» экономиканы дамытуда Германия, Оңтүстік Корея мемлекеттері алдыңғы орында. Олар «жасылдануды» дамыту бойынша оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Соған орай Қазақстан мемлекеті де әлем елдерінің оң тәжірибелерін барынша пайдалануға мәжбүр.
«Жасыл экономикаға» көшудің маңызды бір буыны – қоқыс өңдеу. Соған орай ел аумағында жоспар бойынша 40-тан астам қоқыс өңдеуші кешеннің құрылысы басталғаны белгілі. Ал Астана қаласында Испан технологиясы бойынша пайдалануға берілген зауыт жылына 400 мың тонна қоқысты қайта өндеп, қала қажеттілігін өтеуге қауқарлы екендігі айтылды. Яғни, жел энергетикасы, қуат көзін үнемдеу, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату жөнінде біршама заң қабылданды. Енді саладағы заңнаманың тиімді орындалуын қадағалау міндетті.
Жаңа бастамаға деген бетбұрыс біздің елге қай жағынан және қалай пайда әкелетінін білу үшін, әрине шетел тәжірибесіне үңіле көз жіберу маңызды. Бұл мәселеде ұтудың көп екендігін алғаш болып Оңтүстік Корея дәлелдеді десек, артық айтқандық болмас. Бұл елде 2011 жылдан бері экономиканың «жасыл» секторын дамытуға 60 миллиард АҚШ долларын бағыттау жоспарланған болатын, осы ретте 1,8 млн жұмыс орны ашылды. Оңтүстік Корея бүгіннің өзінде жыл сайын «жасыл» секторға ІЖӨ-нің 2 пайызын инвестициялайды. Ұлттық стратегия шеңберінде жасыл өсім тұжырымдамасын алға қойып отырған елде негізінен үш элементке басты назар аударылады екен. Олар: өнеркәсіп, инвестиция және энергетика, сонымен қатар, тұщы судың баламалы көздеріне, қалдықтарды өңдейтін технологиялар мен парктердің дамуына мән береді. Ал АҚШ-та «жасыл» экономиканы дамытудың басты бағыты ретінде баламалы энергетиканы дамыту жолға қойылған.
Демек, әлемнің дамыған елдері «жасыл» экономика қағидаттарын ұстануда. Атап айтсақ, Моңғолия, Қытай сияқты елдер де басшылары жария еткен өршіл «жасыл» экономика жоспарларын жүзеге асыруда. Бұл бағдарламаның әлемде жасыл экономиканы дамыту мәселелерімен айналысып келе жатқанына жарты ғасырға жуық уақыт болды. Сондықтан дүниежүзінің 170 елін де жұмыс істейтін жасыл экономиканы жүзеге асырушылар қай елге қандай технология сай келеді, оны қалай жүзеге асыру керектігін біледі.
«Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, алдағы 20 жыл ішінде елімізде инфрақұрылымды жаңарту және дамыту тиіс. Ол үшін 2030 жылға қарай ғимараттардың 55 пайызы мен электр стансаларының 40 пайызын жаңадан салу көзделген. Сонымен қатар, автокөлік паркінің 80 пайыздан астамы модернизациялануы қажет.
Ерлан Асылов