$ 448.56  478.03  4.79

Қазақстандық альпинист ЭКСПО-дағы Аустрия павильонын бағындырды

Бүгін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі Аустрия павильонында белгілі альпинист Мақсұт Жұмаев «жаңа биіктікті бағындырды», деп хабарлайды Baq.kz.

Қазақстанның атақты альпинисі Мақсұт Жұмаев Аустрия павильонындағы арнайы конструкцияға шықты. Павильон қызметкерлерінің айтуынша, конструкцияның биіктігі 3 қабатты үйдің биіктігімен пара-пар екен. Жұмаев жаңа биіктікті «бағындырғаннан» кейін журналистерге бұл қадамға не үшін барғандығын түсіндірді.

«Біз энергетикалық конструкцияны бағындырдық. Оны біз «Эверест шыңы» деп көз алдымызға елестеттік. «Шыңға шыққаннан» кейін біз Қазақстан мен Аустрия туын тіктік. Біз үшін бұл қос ел арасындағы достықтың символы. Осы арқылы Аустриямен бұрыннан жақсы байланыс орнатқанымыз жайлы айтқымыз келді. Аустрия Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған мемлекеттердің бірі», - деді ол.

Осы орайда Мақсұт Жұмаев альпинизм мен жасыл технологиялар арасында байланыстың да бар екендігін айтып қалды.

«Альпинизм табиғатпен байланысты. Осы арқылы біз жасыл технологиялар түсінігі бар екендігін айтқымыз келді. Бұл тек адамдар арасындағы ғана байланыс емес, табиғат пен адамзат арасындағы байланыс. Бұл адамның табиғатты қалай аяласа, осыдан оның әлемге деген көзқарасын анықтауға болады», - деді беделді альпинист.

Сонымен қатар Мақсұт Жұмаев конструкуцияға арнайы құралсыз шыққан кезде бойына қорқыныш сезімі ұялағандығын тілге тиек етті.

«Маған осы конструкцияға шыққан кезде шынымен де қорқынышты болды. Себебі, мен бұл конструкцияны тұрғызған жоқпын. Сондықтан маған ыңғайсыздау болды. Қорқыныш жаңа әрекет жасауға түрткі болады. Егер қорқыныш сезіміне берілсеңіз алға жылжымайсыз. Сондықтан өзіңізге деген сенім болуы қажет. Өз армандарыңызға сеніңіз. Егер сіздің жаныңыз өзгерістерді қаласа, арманыңызға қол созыңыз. Ол туралы орайы келгенде айтып отырыңыз. Мысалы, менің арманым әлемдегі ең биік Эверест шыңын арнайы жабдықсыз бағындыру», - деді ол.

Сондай-ақ, атақты альпинист болашақ жоспарымен бөлісті.

«Бүгін мен Алматы қаласына ұшамын. Ертең өзіме қажетті заттарды ыңғайлаймын. Оның арғы күні Кавказға жол жүремін. Онда мен Дүниежүзілік әскери ойындар аясында Еуропадағы ең биік шың Эльбрусты бағындырмақпын. Біз онда әлем елдерімен бәсекеге түсеміз. Кейін біз елге ораламыз. Мен орталық армия клубында офицер болып жұмыс істеймін. Менің спорттық мансабым бойынша да жоспарым бар», - деді ол.

Осы орайда Мақсұт Жұмаев алдағы жылы әлемдегі ең биік Эверест шығын бағындыратындығын жеткізді.

«Ендігі жылы біз әлемдегі ең биік Эверест шыңына арнайы экспедиция ұйыдастырмақпыз. Бұл – менің екінші экспедициям. Сондықтан осы ойымды жүзеге асыру үшін бар күшімді саламын», - деп түйіндеді сөзін тәжірибелі альпинист.

Айта кетейік, Мақсұт Жұмаев - Қазақстан мен Қырғызстандағы барлық тауларды бағындырған беделді альпинистердің бірі. Сонымен қатар ол әлемдегі ең биік Эверест шыңының ұшар биігіне де шыққан. Әлемде биіктігі 8 000 метрден асатын 14 тау болса, соның барлығына да Мақсұт Жұмаевтың табаны тиген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары