$ 498.51  522.84  4.81

ЭКСПО-2017: Коста-Рика Астанада ұлттық күнін атап өтті

ЭКСПО-2017 көрмесі қалашығында Коста-Риканың ұлттық күні мерекеленді деп жазады Egemen.kz. Та­биғаттың қуатын таңдаған елде өндірілетін энергияның 98 пайызы баламалы қу­ат көздеріне тиесілі. Сондықтан, латынамерикалықтар ЭКСПО көрмесіне қы­зығушылық танытып, осы салада жеткен жетістіктерімен бөлісуге арнайы кел­ген.

Ядролық арсеналдан өткен ғасырдың орта тұсында бас тартқан Коста-Рика бүгінгі Қазақстанның ядролық қарусыздану бастамасын қолдайды. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылы орнаған. Қазіргі таңда қос тарап сан салада ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Әсіресе, медициналық туризм бойынша байланысты бекемдей түспек.  

«Латын Америкасындағы жасыл энергияның үлесі 90 пайыз болады. Мұнда күн және судан қуат алатын әлемдегі ең ірі кәсіпорындар орналасқан. Бұл орайда, Коста-Рика да қалыспайды. Біз күн, жел, биомасса, геотермалды және гидро энергияларын өндіреміз. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылы жаңартылатын энергияның үлесі әлем бойынша 22,3 пайызды құрады. Ал, біздің елдегі бұл көрсеткіш 100 пайызға жуықтады», - деді шараның ресми бөлімінде елдің сыртқы саясат бойынша бас директоры Кристиан Фернандес.

Американың орталық бөлігінде орналасқан Тынық мұхиты елінің өкілі Коста-Риканың қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарайтынын, әдемі әрі демократиялық мемлекет екенін жеткізді. «Ондағы экотуризмнің дамуы Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан үшін де үлкен қызығушылық және әлеует туғызуы мүмкін. Біз қазақ жұртынан Коста-Рикаға туристердің көбірек келгенін қалаймыз», - деді ол. К.Фернандес ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу елі үшін үлкен құрмет екенін де атап өтті. 

Қазақстан тарапынан сөз сөйлеген Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева екі ел арасындағы міндетті медициналық сақтандыру саласындағы ынтымақтастық туралы әңгімеледі. «Ұлттық күнді атап өту қатысушыларға ұлттық мәдениеттің, өмір салты мен дәстүрдің үздік үлгілерін көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақстан Коста-Рикамен саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени салаларда ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау саласында, атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, медициналық туризм мәселелері және басқа да бағыттар бойынша да қарым-қатынасты тереңдету мен кеңейтуге мүдделі», - деді вице-министр.

Шараның ресми бөлігінен кейін қазақстандық көрермендер белгілі саксофоншы, есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген Джованни Эскалантенің өнерін тамашалады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары