$ 498.34  519.72  4.85

ЖАҒДАЙЫҢ ҚАЛАЙ, «ЖАСЫЛ ЭНЕРГЕТИКА?»

Есте болса, биыл Астанада өткен шетелдік инвесторлардың отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев баламалы энергетика саласында тиімді жобаларды іріктеу үшін оларды аукцион арқылы таңдау керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы барлық инвесторларды бизнеске жасалып жатқан қазіргі жеңілдіктерді пайдалана отырып, баламалы энергетикаға ақшаны көптеп салуға шақырды. 

Елбасының бұл тапсырмасын алғашқылардың бірі болып оңтүстікқазақстандық меценат Оралбек Ботбай қолға алды. Ол күн энергиясынан қуат алатын бағдаршамдарды жасайтын зауыттың іргесін қалап отыр. Жобаға инвестор ретінде қытайлық "Гуандун Хуаминг Смартлед" ЛТД компаниясы тартылған. Зауыттың қазығын қағу рәсіміне осы шетелдік компания басшысы Xue Huaqiang, Қытайлық "Жібек жолы" xалықаралық мәдени қауымдастығының вице-президенті - Su Huijun мен аталған компанияның бас инженері Tan Guanming және ОҚО Бәйдібек ауданының әкімі қатысты.

Меценат Оралбек Ботбайдың айтуынша, осынау жобаны ол жүзеге асыруды бұрыннан көздеп жүрген екен. 

- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру" мақаласынан кейін туған жеріме аз да болса пайдам тисін деген ойым болды. Енді Қошқар ата ауылындағы 500-ге жуық отбасы күн энергиясын пайдалана отырып, жарықты тұтынатын болады. Бұл - ауылды жердегі әрбір отбасылық бюджетті үнемдеуге сеп болады, - деді филантроп.

Айта кететін жайт, Оралбек Қожамжарұлы Елбасы мақаласының аясында Қошқар Ата ауылына 6 шақырымға жуық тас жол төсеп, Боралдай жайлауына қатынаулары қиын болып жүрген ауылдастарының жүгін біраз жеңілдетті. Қытайлық инвесторлардың сөзінше бұл олардың соңғы жобалары емес. Болашақта Қазақстан экономикасына қаржы тартуға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Естеріңізге сала кететін жайт, Астанада өтіп жатқан Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі осы "жасыл энергетика" мен "жасыл экономика" тақырыбына арналып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары