28.07.2017, 05:53

Алматылық дарынды балалар ЭКСПО-ны тамашалады

Алматы қаласы Алмалы ауданының дарынды оқушылары Астанаға арнайы келіп, ЭКСПО халықаралық көрмесін тамашалады. Аудандық әкімдік пен «Metal Prom Group» ЖШС бірлесе елордаға 60-ға жуық баланы аттандырған.

Жалпы, Астанадағы мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің басталғанына 1,5 айдан аса уақыт өтті. Бүгінге дейін аталған көрмеге 2 миллионға жуық адам келіп, павильондарды аралаған. Келесі айдың басында 2 миллионыншы келушіні күтіп отырмыз дейді ұйымдастырушы тарап.

Осы 2 миллионға жуық туристің дені өз азаматтарымыз екені белгілі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен лек-легімен келіп жатқан тұрғындар «болашақ энергиясының» қандай болатынын өз көздерімен көріп, таңданыстарын жасырмауда. Олардың қатарында мектеп оқушылары да көп. Балаларды облыс, қала әкімдіктері және жеке кәсіпкерлер өз қаражаттары есебінен көрмеге жіберіп жатыр. Мақсат – келушілер қатарын көбейту емес, жастардың ғылымға деген қызығушылығын ояту.

Осындай бір топ оқушы күні кеше Алмалы ауданынан Астанаға аттанып, ЭКСПО-ға қойылған болашақтың энергия көздерімен танысып шықты. Олар – өз қатарларының алды, түрлі білім олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, ғылыми жұмыстардың авторлары.

Көрме аясында оқушылар бар­лық мемлекеттердің павильон­дарын қамтуға тырысты. Тек ара­лап қана қоймай, мүмкіндігінше әр экспонаттың функциясымен анық танысып, қағаз бетіне түсіріп отыр­ды. Одан бөлек, өз пікірлерін біл­діруге таласты, бір-бірімен пікір алмасты. Экскурсия соңын­да жиған ақпарлары мен мәлі­меттерге сүйене, әр бала өзін­дік идеяларын айтып, мақсатта­рымен бөлісті.

Аталмыш экскурсия Алмалы ауданы әкімі аппаратының және Алмалы аудандық білім бөлімінің мұрындық болуымен, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы­ның қолдауымен, «Metal Prom Group» ЖШС-нің демеушілік бастама­сымен жүзеге асырылып отыр. Көрмеден бөлек, балаларға Елорданың көрік­ті жерлеріне де саяхат ұйым­дас­тырылып, жағымды көңіл-күй сыйланды.

- Елімізде өтіп жатқан осынау халықаралық көрме менің өзім үшін де, мына балалар үшін де аса маңызды. Бүгінгі таңда көптеген дамыған мемлекеттерде жүзеге асып жатқан инновациялық жобалармен, түрлі өңдеуші шаралармен, техноло­гиялық өндірістермен таныса біл­ген азаматтар – болашақта елі­міздің өркендеуіне үлкен үлес қо­сатынына сенімім мол. Яғни, біз осы дарынды оқушыларды ЭКСПО-ға алып келгендегі мақсатымыз – ертең болашақта олардың Қазақстан ғылымына үлкен үлесін қоссын деп ниеттеніп отырмыз. Экскурсияға демеуші болудағы мақсатымыз да сол, барлығы болашақ үшін, барлығы жастарн үшін, - дейді «Metal Prom Group» ЖШС бас директоры Абдулхалил Дол­қынтай.

Оқушылардың ата-аналары да ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Астана қаласынан балаларының ерекше көңіл-күймен оралғандарын айтып отыр.

Қоғамның энергия көздеріне қол жеткізуі олардың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық тұрақты дамуына қол жеткізеді. Осыған орай, жастардың техно­логиялық ілімге қызығушылық танытуы – жақсылықтың ныша­ны. Ал Елордамызда өтіп жатқан Халықаралық көрмеге көзайым болу – әрбір инновацияға құштар азаматқа үлкен мотивация.