$ 443.35  475.54  4.82

«Нобель» сыйлығына ұсынылған қазақ ғалымын білесіз бе?

Ол - жоғары қызметке, лауазымға ұмтылмаған тұлға.
Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан
Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан

Елімізде ғылымға қоғам қызығушылығын тудыру жоғары деңгейде емесі белгілі. Тіпті, ел тұрғындары шетелдіктер тамсана қарайтын кей тұлғаларымызды білмеуі де мүмкін. Соның бірі – Хабибулла Оспанов. 

Ғылым жолында төрт мәрте жаңалық ашқан жалғыз қазақстандық – Хабибулла Оспанов. Ол 1932 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Мамандығы - химик.

Оспанов минералдардың құрамындағы заттардың термодинамикалық (энергетикалық) параметрлері негізінде олардың химиялық реакциясын болжаудың жалпы принципін жасады.

Мәселенің күрделілігі - бағалы металдардың (айталық, алтын, қорғасын, темір, қалайы, мыс) кендерде күрделі химиялық қосылыстар түрінде болатынында. Әдетте, процесс параметрлері эксперименттер арқылы таңдалады.

Профессор Оспановтың теориясының қолданбалы жағына келетін болсақ, бұл күрделі физикалық және химиялық процестерді қысқа уақытта шикізатпен басқарудың кілті деп айтуға негіз бар.

Химия саласындағы ғылыми ізденісі үшін ғалымның еңбегі еленбей қалмады. АҚШ-тағы халықаралық сутегі энергиясы қауымдастығы Хабиболла Оспановты ең беделді марапатқа ұсынды. 

2001 жылы Хабиболла Құсайынұлы жекелендірілген платина медалімен марапатталып, оның аты "ХХІ ғасырдың көрнекті зиялылары" кітабына енді.

2003, 2004, 2009 және 2013 жылдары ашқан жаңалықтары үшін Халықаралық ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар академиясының шешімімен үш алтын және бір күміс медальмен марапатталды.

2007 жылы Хабиболла Құсайынұлы "Қатты-сұйықтық шекарасында жүретін физикалық-химиялық процестерді басқару теориясы" үшін "Ғылым" аталымы бойынша "Платиналы Тарлан" сыйлығымен марапатталды.

Ең қызығы, Хабибулла Оспановты 2011 жылы химия саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсынған. Ол - жоғары қызметке, лауазымға ұмтылмаған тұлға. Сол үшін де ғалымды кей отандастырымыз біле бермеуі мүмкін. Мысалы оған 1980 жылдары Сібір ғылым саласының жетекші институттарының бірін басқару туралы ұсыныс түседі. Алайда ғалым бас тартқан. Ал студенттеріне:

Батыста ғалымның негізгі атағы – профессор, ал ең жақсы қызмет – кафедра меңгерушісі. Өйткені бұл қызметте белгілі бір дәрежеде өзіңді қалыптастырасың және ғылыммен айналысуға уақытың болады, – деп түсіндірген екен.

Хабибулла Оспанов 2022 жылдың 25 қарашасында қайтыс болды. 

Дереккөз: bugin.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары